Жетісу облысында қызылша жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты, дегенмен ауру әлі де тіркелуде. Естеріңізге сала кетейік, елімізде, облыс бойынша да 2023-2024жылдары қызылша бұрқетпесі орын алды, 2024 жылы қызылшаның 727 жағдайы тіркелді, сырқаттанғандардың 80% бұрын қызылшаға қарсы бірде-бір екпе алмаған. 2025 жылдың басынан алғашқы нақтамамен 5 жағдай анықталып, 4 зертханалық жолмен расталды, барлығы вакцина алмаған.
Қызылша – вируспен берілетін өте жұқпалы инфекция. Сондықтан егілмегендер саны артқанда, ортаға сырттан әкелінген 1 ғана жағдай инфекцияның таралуына әкеледі. Ауру өте жұқпалы, егілмеген, иммунитеті төмен адам 100% жұқтырып алады. Қызылша әлем бойынша ерте жастағы балалардың өліміне әкелетін негізгі себептің бірі болып қалуда. Ауру көбіне ауыр түрде өтеді.
Ауру қалай беріледі: инфекция көзі – науқас адам. Ауру ауа-тамшылы жолмен, науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Вирус ауада, түскен беткейлерде 2 сағатқа дейін белсенді. Жасырын кезең – 7-21 күн аралығында (жиі 10-11 күн).
Белгілері: Қызылшаның алғашқы белгісі дене қызуының көтерілуі, ол 4-7 күнге созылады. Бастапқы кезеңде мұрыннын бітуі, жөтел, көздің қызаруы және жасаурауы, ұрттың ішкі жағында ақ дақтар пайда болады. Вирус әсер еткеннен соң 7-18 күн аралығында (орташа есеппен 14 күнде) бөртпе пайда болады: көп жағдайда бетте және мойыннын жоғарғы бөлігінде, 3 күннен соң бөртпе бүкіл денеге тарайды. Бөртпе 5-6 күн сақталады, кейін жоғалып кетеді.
Асқынулары: Ең күрделі асқыну – соқырлық, энцефалит, отит, пневмония. Қызылшаның ауыр ағымы кіші жастағы балаларда жиі кездеседі. Себебі олар дұрыс тамақтана алмайды, әсіресе А дәрумені жеткіліксіз болғанда ауру ауыр түрде өтеді. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакцинация арқылы сырқаттан қорғануға болады. Инфекцияға қарсы ең тиімді алдын алу шарасы – вакцинация. Ұлттық күнтізбеге сәйкес: баланың 12-15 айында және қайта егуі 6 жасында жүргізіледі.
Сіз немесе балаңыз ауырып қалса:
— шұғыл дәрігерді үйге шақыру;
— дәрігер келгенге дейін туыс-таныстармен байланысты азайту;
— жөтелгенде және түшкіргенде ауыз/мұрынды орамалмен жабу;
— қолды сабынмен және сумен жиі жуу;
— бетперде қолдану қажет.
Индира Кунбасова,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары





























