Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жұмыссыз жастарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік беру, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларын іске асыруға қолдау көрсету мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініш қабылдау басталды. Аталмыш грант аймақта жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде әрбір жеңімпазға 3 000 000 теңге көлемінде беріледі. Бұл жөнінде Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының бас маманы Жанерке Бексеитова мен «Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеев атап өтті.
Спикерлер -«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 2023 жылдан бастап облысымызда жүзеге асырылып келеді, алайда, ағымдағы жылы аталмыш гранттың ерекшелігі бар. Биыл жұмыссыз ауыл жастарына қолдау көрсетіп, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларын іске асыруға жәрдемдесу көзделген»-деді. Құжаттарды өңірде тұратын 18 бен 34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар 15 шілдеге дейін 6 бағыт (Мал және балық шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, сүт өнімдері өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қолөнер және шағын өндіріс, агро және экотуризм) бойынша тапсыра алады. Үміткер мәртебесін растау үшін «Мансап» орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы құжат пен соңғы 6 айға арналған зейнетақы қорынан алынған анықтама қажет.





























