Отбасын құрып, балалы-шағалы болған жасында ер-азаматтардың арасынан ащы суға тойып алып жанұя берекесін кетіріп, аузына келгенін ақтарып, қолына түскенін таяқтайтындар ара-тұра болса да кездесіп қалатыны өкінішті. Бірақ, бұрынғыдай «бас жарылса-бөрік ішінде, қол сынса-жең ішінде» дейтін заман емес. Ананың да, баланың да құқығы заңмен қорғалады. Жәбір көрген отбасына әлеуметтік қолдау көрсететін орталықтары мен Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің жанынан арнайы бөлімшелер де құрылған. Қосымша барлық жауапты мекеме, бірлестіктер түрлі жат әрекеттермен жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуде.
Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ильяс Сағымбековтың төрағалығымен Талдықорған қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан немесе қаупіне байланысты қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығы қызметкерлерінің ағымдағы жылы атқарып жатқан жұмыстары туралы мәселе қаралды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ директоры Сұңқар Қадыровтың баяндамасына сүйенсек, бүгінде орталық қызметіне 43 адам (12 әйел, 31 бала) жүгінген. Жүгінуші тарапқа әлеуметтік тұрмыстық, құқықтық, экономикалық, мәдени, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбекпен қамту сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Орталық 55 адам, яғни 35 ересек, 20 балаға есептелген. Талдықорған қаласында орналасқан орталық қызметіне облысымыздың аудан, ауылдарынан да келушілер бар. Оларға да тиісінше көмек беріліп, кейінгі өмірі де бақылауға алынады. Жалпы, орталық қызметіне жүгінген азаматтардың барлығы қолдауға ие болып, заңмен қорғалады. Комиссия отырысында сонымен қатар, Талдықорған қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Айнұр Қағазбекова отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар бойынша есеп берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте жинақталған жүйелік мәселелерді шешу,азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысатын бөлім өз қызметін ағымдағы жылдың 5 қаңтарынан бастаған болатын. Бөлім қызметкерлері отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерге көмек көрсету және құқық бұзушыларды жауапқа тарту бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Мақсаты-құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар отбасылармен жұмыс істеу, профилактикалық әңгімелер жүргізу және психологиялық қолдау көрсету арқылы мәселені түбегейлі шешу. Қала көлемінде республикалық,облыстық деңгейдегі «Профилактика», «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс» атты алдын алу шаралары мен «Сіздің құқығыңыз қорғалады!», «Әйел-отбасы шырағы», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Бақытты отбасы», «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциялары жүйелі түрде өткізіліп отырады. Өткен 5 ай ішінде қала аумағында 643 қылмыстық іс тіркелсе, оның 206-ы әйелдерге қатысты жасалған. Сот шешімімен 138 тұлғаға ерекше талап орнатылған. Ет бұзылса тұз себерсің, тұз бұзылса не себерсің,-демекші, 111 әйел ішімдікке тәуелді, 31 әйел есірткіге тәуелді болғаны анықталған. Олардың барлығы арнайы есепте тұр. Комиссия отырысында баяндамашылардың есебі назарға алынып, аталған бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа ұсыныстар мен идеялар талқыланып, оларды іске асыру жолдары да қарастырылды.
Гүлжанат Нұршанова
























