Жарысқа бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен «Jetisy` media» мекемесінің қызметкерлері қатысуда. 6 команда өзара шеберлік байқасып жатқан сайыс 12 кезеңге жоспарланған, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Атап айтсақ, БАҚ Жетісу лигасында «VIP PRESS», «BAQ UNITED», «7SUNEWS», «TALDY PARIS», «SPORT MEDIA» және «QALAMGER» сынды командалар өнер көрсетіп келеді. Бүгінде әуесқой футболшылар 6 кездесу өткізіп үлгерген. Алдыда оларды тағы 6 кезең күтіп тұр.

«БАҚ Жетісу лигасын өткізудегі негізгі мақсат – журналистер, БАҚ өкілдері арасында достық қарым-қатынас орнату. Салауатты өмір салтын насихаттап, шағын футболдан үздіктерді анықтау. Біз бұл жарысты дәстүрге айналдырмақпыз. Яғни, 2020 жылы екінші маусымды өткізу жоспарымызда бар. Ол кезде командалар арасында трансфер болып, ойыншаларды сатып алу науқаны жүреді. Сондай-ақ, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасынан да командалар қосылуы мүмкін», — дейді жарыс ұйымдастырушысы әрі «Жетісу» газетінің спорт шолушысы Ришад Тұрғанбай.

Суретте «QALAMGER» мен «TALDY PARIS» командасының ойыншылары. Фото авторы: Айдын Нұршанов

Қазір 6 кезеңнің қорытындысы бойынша «SPORT MEDIA» 15 ұпаймен көш басында тұр. Ал, «TALDY PARIS» бен «VIP PRESS» 12 ұпай көрсеткішімен келесі орындарға жайғасқан.

Сондай-ақ, «VIP PRESS» командасының ойыншысы Алмас Мырзахметов үздік сұрмергендер қатарында бірінші келеді. Ол қарсыластарының қақпасын дәл көздеп, 6 турда 22 гол соққан. Азамат Шедімбай (TALDY PARIS) 16 голдың авторы атанса, Азат Жұмахан (VIP PRESS) 13 голмен үшінші орында тұр. Ал, Медет Жұмабай (QALAMGER) мен Айдар Қалиевтің (SPORT MEDIA) қоржындарында 12 голдан бар.

Тартысты әрі қызыққа толы ойын сәрсенбінің сәтінде аптасына бір реттен өтіп келеді. БАҚ Жетісу лигасы жайлы мәліметті осы жерден көре аласыздар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK