Адал еңбек пен кең пейіл тоғыстырған

301

Сан түрлі этностың басы қосылған қазақ жері татулық пен бірліктің ұясындай құтты мекен. Қазақстанды Отаным деп танитын, әр түйір топырағы мен тасын қадірлейтін, осы елде ғұмыр кешіп жатқанын мақтан тұтатын әр азаматтың тілегі түзу, пейілі оң.

Ел алдында ерекшеленуді қаламайтын, шаңырақтарының бақ-берекесін бағалайтын, түсіністік пен сыйластықты сырлы сезімдерінің тірегі санайтын Наиль Боранбаев пен Надежда Петряниктің отбасы осындай үлгілі жұп. 2018 жылы шаңырақ көтерген олар бүгінде төрт балаға ата-ана болып отыр. Отағасы Наиль Газизұлы татар мен әзербайжан қанынан тараған. Ал Надежда Леонидовна орыс ұлтынан болса да, арғы тегінде поляк, украиннің қаны бар екенін айтты.

«Біз адамгершілік, ар-намыс, сыйластық, бір-бірімізге деген сүйіспеншілік және татулық секілді қасиеттерді өміріміздің өзегіне айналдырып, бақыт тауып отырмыз. Мен Қонаев қаласының тумасымын. Мектеп бітірген соң Текелі кәсіптік колледжінде аспаз мамандығы бойынша білім алдым. Кәсіп игерген қаламда өмірлік серігімді тауып, отбасын құрдық. Наиль екеуміз қазір үш ұл, бір қыздың ата-анасымыз. Наргиза мен Аделина балабақшаға барады. Хасан 2 жаста, ал кішкентай Зарема 3 айлық қыз. Отағасы нағыз еңбектің адамы. Күні бойы жұмыста. Енем Талдықорғанда тұрады. Өзі ұстаз болған, өте мейірімді жан», – деген Надежда балаларының да тәрбиелі, еңбекпен нан табатын адал, көпшіл болып өсуін тілейді.

Наиль Боранбаев жеңіл көлік, жүк көлігін жүргізеді. Қолы тиген нәрсені шыр көбелек айналдыратын бесаспап маман. Алдағы уақытта Текелі кәсіптік колледжінен дәнекерлеуші мамандығын игеріп, жаңа кәсіпке бет бұрмақ. «Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы ғой. Қаладағы Мансап орталығынан жаңа мамандық игеруге болатын мүмкіндік барын білдім. 3 ай оқып, дәнекерлеуші болып жұмыс істеуге рұқсат беретін сертификат аламын», – деп отбасының асыраушысы, еңбектің қара нары Наиль жұмысы туралы көсіліп айтты. Ол қазақша, орысша және әзербайжанша сөйлеп, барша ұлтқа ортақ асыл қасиет-терді бойға сіңірген.

Ал Наильдің анасы Назира Акбарқызы әзербайжандардың салт-дәстүрін сақтап, ұрпағына дәріптеп жүр. «Қазір көп дәстүріміз заманауи қалыпқа өтіп жатқанмен, бұзылмайтын қағидалар бар. Мысалы, үйге үлкен кісілер кіргенде, үйдегілер сәлем береді де, қонақтар жайғасып отырғанша тікесінен тік тұрады. Бала өмірге келгенде қырық күн бойы ата-анасы, әжелерінен басқа кісі нәрестеге жақындамайды. Ал қырқынан шығару салты мұсылмандарға ортақ сипатта өтеді. Ата-ананың қадірін білу, құрметтеу – парыз. Үйдің кенже ұлы қара шаңырақта, әке-шешесінің қасында қалады. Ілгеріректе үйлену тойы күні
бойы қалыңдықсыз өтеді де, кешке ғана келінді екі жағынан екі әйел қолтықтап, күйеуінің үйіне кіргізетін. Бұл қазір өзгеріп келеді. Қалай болғанда да біз Қазақстанда тұрып жатқаны-мызға қуанамыз. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз. Осында туып-өстік. Менің атам мұнда жер аударылып келген. Үштөбеге тұрақтаған екен. «Қазақтардың жақсылығын көп көрдік. Өздері аш отырса да, ауыз ти деп бір үзім нанын бөлісетін, өздері жерде жатып, тапшанға біз жатқызатын. Қазақтардың кең пейіліне, жомарттығына ештеңе жетпейді» деп ылғи айтып отыратын. Бәріміз сондай жанашыр, бауырмал болуға тиіспіз. Өзім қазақша, әзербайжанша, орысша, өзбекше және ұйғырша сөйлей аламын. Қазақстанның келешегі зор деп білемін. Ең бастысы, соғыс болмасын, ел іргесі берік, халқымыз тыныш, бақ-берекелі болсын!», – деп тіледі кең жүректі ана.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз