ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасы Достық шекара бөлімі «Жетісу» шекара бөлімшесі Достық ауылдық әкімшілігі бірлесіп, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары және «Жас сарбаз» патриоттық үйірмесінің қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық іс-шара өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, елжандылықты, тарихи сана мен батырларымызға деген құрметті қалыптастыру. Шара барысында оқушылар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктер туралы деректермен танысып, шекарашылардың қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, бөлімше әскери қызметшілері жастарға арнап қару-жарақпен таныстыру, саптық дайындық, және әскери өмірдің күнделікті тәртібі туралы шеберлік сабақтарын өткізді. «Жас сарбаз» үйірмесінің мүшелері өзара патриоттық әндер шырқап, Ұлы Жеңіс батырларына арнау өлеңдерін оқыды.
Шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, естелік суретке түсті. Бұл іс-шара жас буынның патриоттық рухын арттырып, оларды Отан қорғаушылардың ерлік жолына ынталандыруда маңызды рөл атқарды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті