Жетісу облысы әкімі Бейібіт Исабаев мереке қарсаңында тыл ардагерлері және құқық қорғау, әскери органдардың қызметкерлерімен Салтанат сарайында жүздесті. Биыл Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қатар тойлануда. Осы екі маңызды мерекенің қатар атап өтілуінің өзіндік мәні бар. Бұл ұрпақтар сабақтастығының үзілмей, даңқты жауынгерлік дәстүрдің жалғасып келе жатқанын айғақтайды.
Айтар болсақ, Жетісу өңірінен майданға аттанған 120 мыңнан астам жауынгер аттанған. Олардың әрқайсысы Отан қорғауда қайсарлық пен батырлықтың үлгісін көрсетті. 38 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол сияқты аты аңызға айналған 28 панфиловшы батырлардың тең жартысы Жетісу аймағынан болғаны – зор мақтаныш. Бүгінде Талдықорған қаласында тұратын 2 соғыс ардагерлері Ысқақ Құсайынов пен Төлеубай Шектібаев мейрамды қарсы алуда.
Жиын барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев жылы лебізін білдірді.
—Құрметті ардагерлер және әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері! Баршаңызды Жеңістің 80 жылдығымен және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сұрапыл соғыс жылдары тылда күн-түн демей еңбек етіп, майдан даласын қажеттілікпен қамтамасыз еткен біздің тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жалпы бүгінде облыста 1598 тыл еңбеккері бар. Оларға әрдайым қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп келеміз. Биыл да дәстүр бойынша ардагерлерге материалдық көмек берілді.Сонымен қатар медициналық көмек те жүйелі түрде көрсетілуде. Мысалы, сәуірден бастап 9 мамырға дейін өңірде Денсаулық айлығы өтуде. Ел ішіндегі заң мен тәртіпті нығайту, әлеуметтік әділеттілікті орнату бағытында нақты қадамдар жасалуда. Яғни құқық қорғау органдарының қызметіне артылар жауапкершілік жүгі зор. Бүгінгі кездесуде сол жауапты міндетті ата-әкелеріміздің патриоттық дәстүріне сай абыроймен атқарып жүрген азаматтарға ризашылығымызды білдіремін. Мерейлі мерекелермен баршаңызды құттықтап, сіздерге зор денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға қуаныш пен бақыт тілеймін. Отанымыз Қазақстан гүлденіп, көркейе берсін! -деді облыс басшысы.
Тыл ардагерлері Рысбек Қуатұлы мен Зәуреш Бейіспекова және Жетісу облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, ардагерлер мен құқық саласы қызметкерлерін құрметтеп жатқан облыс басшысына өз ризашылықтарын білдірді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлеріне мерейтойлық медаль табыстады. Ал Отан қорғаушылар күніне байланысты құқық қорғау және әскери салада табысты қызмет атқарып жүрген бір топ қызметкерлер Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды.
Майдангерлердің әрқайсының есімі еліміздің батырлық шежіресінде алтын әріппен жазылып қалды. Осы орайда Ұлы Отан соғысына Жетісу өңірінен аттанып, ерлік көрсеткен қаһарман жерлестеріміз жайындағы «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.





























