Қазақстан халқының бірлігі күні тойланды

375

Мемлекетіміз түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір бірнеше ұлт өкілдерін бір арнада тоғыстыра білген бейбітшіліктің символы. Рухы биік қара шаңырағымыз  қашанда татулық пен бірлікті басты байлық деп санаған. Талдықорғанда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Көпшілікті мерекемен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. -«Татулық пен тұрақтылықтың, береке мен бірліктің бастауы болған Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын. «Тірлік түбі — бірлік, ынтымақ түбі — игілік» дейді халқымыз. Ғасырлар бойы Жетісуда тағдыр тоғыстырған барша этнос пен ұлыс ортақ тарихын танып, біртұтас дүниетанымын қалыптастырды. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде Ассамблея салиқалы мәміле алаңы, мәдени алмасулар орталығы, қоғамды ұйымдастырушы құрылым ретінде өзін берік орнықтырды. Ассамблеяның 30 жылдығына орай облыста ескерткіш тақта орнатылып, «Достық» аллеясы ашылды, көркемфильм дайындалып, кітап шығарылады. Осындай іс-шаралар бейбіт те берекелі өмірдің бағасын ұғынуға, оны көзінің қарашығындай сақтауға ықпал етіп, қоғамдық келісімді нығайтуда, жаңа міндеттерді іске асыруда тың серпін береді деп сенеміз» – деп өзара татулығымыз бен тұрақтылығымыз нығайып, мемлекетіміз өсіп-өркендей берсін деді. Мерекелік жиын Д.Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясы, «Талдықорған әуендері» халықтық, фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік, мерейлі мереке «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Бірлік жүгірісі» атты спорттық-бұқаралық шарасымен бастау алған болатын. Бұл — елдегі бірлік пен достықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамды белсенді, дені сау өмір салтын ұстануға шақыру. Сонымен қатар, жастар мен ересектер арасында спортты насихаттап, қоғамның барлық мүшелерін бір мақсатта біріктіруге мейлінше ықпал етуді көздейді. Марафон екі бағытты: балалар мен жасөспірімдер және ересектер арасын қамтыды. Оларға жас ерекшеліктеріне қарай арақашықтық бекітіліп, арнайы топтарға бөлінді. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға диплом, медаль және сыйлықтар табыс етілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз