ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының кітапхана бөлімінде Дүниежүзілік кітап күніне арналған «Кітап — бөлек бір әлем» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жастардың әдеби кітаптарға деген қызығушылығын арттыру, олардың кітап оқу мәдениетін дамыту және рухани дүниесін байыту болды.
Кешке құрметті қонақтар ретінде подполковник Берік Қалиахметов, полковник Жекебай Байсаханов, подполковник Айдын Дәрібаев және Алматы мен Жетісу облыстары бойынша сарбаздардың Аналар комитетінің төрайымы Татьяна Тропина шақырылды. Сонымен қатар, іс-шараға Шекара басқармасы Әйелдер кеңесінің төрайымы Еркежан Қалиахметова және кәсіптік-техникалық дайындық бөлімінің сарбаздары белсене қатысты.
Кеш барысында кітаптың адам өміріндегі маңызы, оның рухани және интеллектуалдық дамудағы рөлі туралы кеңінен мағлұматтар берілді. Жастар өздері білетін кітапқа қатысты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді ортаға салып, іс-шараның мазмұнды әрі қызықты өтуіне ерекше үлес қосты.
Сонымен бірге, тарих пен әскери тақырыптарға арналған викториналық сұрақтар қойылып, білім жарыстары ұйымдастырылды. Бұл сайыстар қатысушылардың ой-өрісін кеңейтіп, білімдерін тереңдетуге ықпал етті.
«Кітап – бөлек бір әлем» атты кеш жастарды рухани құндылықтарды бағалауға, білімге деген ынтасын арттыруға және кітапты серік етуге үндеген тағылымды шара болды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





























