Мемлекетіміз түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір бірнеше ұлт өкілдерін бір арнада тоғыстыра білген бейбітшіліктің символы. Рухы биік қара шаңырағымыз қашанда татулық пен бірлікті басты байлық деп санаған. Әлемде өз орнын ойып тұрып алған қазақ елінің басты құндылығы да, барлық жетістіктеріміздің кілті де жарасты ынтымағымызда жатыр. Ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде шынайы достықты қамтамасыз ететін ортақ үйіміз болып келеді. Баршаға мәлім тату елде тыныштық орнап, бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел болады. Бүгінгі өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті диалог орнатуға ықпал етуде»-деп баса айтты. Сонымен қатар, Ассамблея мүшелері әрдайым табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жүргенін тілге тиек етті.
Айгүл САУДАН, «Талдықорған» газетінің қызметкері