«Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады»

259

Ұлттық құрылтайдың Үшінші отырысында Мемлекет басшысы қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру туралы бастама көтеріп, ­23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Биыл мереке алғаш рет атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл — білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады», -деп атап өтті.

Аталмыш рухани мерекеге орай Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесі «Kitap style» атты  фестиваль ұйымдастырды. Мұндағы мақсат — кітап оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Меймандар ең әуелі  қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тұлғалар мен жерлестеріміздің  таңдаулы  туындылары мен балаларға арналған шығармалар жинақталған көрмені тамашалап, жәрмеңкеден кітап алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, кітапханаға кітап сыйлау рәсімі де орын алды. Шараға қатысушылар «Ашық микрафон»  алаңына шығып, өздерінің сүйікті кітабын таныстырып, үзінді оқыды. Жас оқырманды кітапханаға қабылдау рәсімі, «Тұлғалар келбеті – тарих куәсі», «Оқимыз, ойлаймыз, өсеміз» библиошар, «Бәрін білгім келеді» сұрақ-жауап ойыны, «Кітаппен жарқын әлемге» атты дебют көрмесі, «Мен таңдаған мамандық» атты дефиле өтті. Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлпан Сейтжанова жиналған қауымды құттықтап, — «Ғабит Мүсірепов  «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті», -дейді. Расында, парасаттылықтың, рухани дамудың қоймасы іспетті. Баршаға мәлім Президенттің бастамасымен Ұлттық кітап күні пайда болды. Осынау атаулы мереке халық арасында кітап оқуды насихаттауға өз септігін тигізбек. Бұл қоғамның, соның ішінде жастардың мәдени, рухани жетілуіне жасалған маңызды қадам деп білеміз. Мереке аясында кітап апталығы өтіп, бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылды» –деп ізгі тілегін жеткізді.  Салтанатты шараға қатысқан меймандар «Семей полигоны мүгедектері және ардагерлер ұйымының» төрағасы Толыбек Данабеков,  «Жетісу облысының Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ төрағасы Мұстафа Хұсайын, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Көксу ауданының Құрметті азаматы, балалар жазушысы Жұмабала Балақаранова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Санжар Сұлтанғазы кітаптың адамзат өміріндегі мән-маңызына тоқталды.

Мұхтар Мағауин «Белгілі мөлшерде жеке кітапханаңыз болғаны шарт. Ол үшін көп ақылдың керегі жоқ. Аласыз, жинайсыз, жұмыс кабинетіне немесе тұрғылықты үйдегі қолайлы бір бөлмеге реттеп, қаластырып қоясыз. Кез келген үлкенді-кішілі жазушы, жазушы емес, қандай да бір зиялы, сауатты азамат тұрмысындағы үйреншікті жағдай. Жеке кітапхана! Өзіңіз үшін, отбасыңыз, өсіп келе жатқан бала-шағаңыз үшін»-деген. Кітап жинауға сергек қарайтын, кітап оқуға деген сүйіспеншілігі аса зор жандардың бірі – Аймарал Дәулетбек. Ол күнделікті тұрмыстық жағдайды, әрнені  сылтауратпай, рухани толысуға басымдық берген. Оның басты миссиясы  ұрпағына тәлімді тәрбие бере отырып,  ерте жастан кітап әлеміне баулу. –«Қазір кітап оқитын жастардың қатары көп. Біздің қаламыздың өзінде кейде қоғамдық көлікте, кофеханаларда, саябақтардан кітап ұстаған қыз-жігіттерді жиі байқауға болады. Бұл орайда дамыған заманда мүмкіндік те көп қой. Әлемдік және қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын оқуға және тыңдауға мүмкіндік беретін бірнеше арнайы  платформалар бар. Ол жерде  оқу сауаттылығын, кәсіби біліміңізді көтере аласыз, одан бөлек қазақ тілін үйренуге, дамытуға таптырмас құрал ретінде пайдалануға да болады».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз