Бүгін исі мұсылман қауымы ерекше тойлайтын – Құрбан айт мерекесі. Атаулы мейрам Талдықорғанда кең көлемде атап өтілді. Мешітке жиналғандар сапқа тұрып, айт намазын оқыды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Биылғы Құрбан айт талдықорғандықтар үшін айрықша өтті. Олай дейтініміз 3 мыңдай жамағат орталық «Иман» мешітінде бас қосып, бір жерде құлшылық жасады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаев мұның себебін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннет амалы деп түсіндірді.

«Бүгін Талдықорған қаласы бойынша Құрбан айт намазы бір орында ғана оқылды. Кезінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабалары, одан кейінгілер және біздің ата-бабаларымыз да айт намаздарын тек бір жерде ғана оқитын болған. Осы уақытқа дейін бұл құлшылық түрі әр мешітте бөлек-бөлек өтіп келген еді. Аллаға шүкір тәуелсіздігімізді алғалы 30 жылдай болып қалды халықтың діни сауаты артып, көз-қарасы өзгерген. Осыны ескере келе бір орында ғана айт намазын өткізуді жөн көрдік. Бұл бастама алдағы уақтта да жалғасса деген ниетіміз бар», — дейді өкіл иамам.

Сондай-ақ, Ардақ Нүсіпханұлы барша қазақстандықтарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ақ тілегін ақтарды.

Жылдағы дәстүрге сай бұл жолы да айтулы мерекеде жүгіруден марафон болды. Жарысқа 100-ге жуық адам қатысып, бақ сынады. Төрт жарым шақырым қашықтыққа жүгіріп, мәре сызығын бірінші кескен Данияр Орманғали бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Марафонда жас та, жасамыс та жүгірді. Солардың бірі Мырзахан Қойшығұлов. 74 жастағы ақсақал жарысқа жүлде үшін емес, жастарға үлгі болайын деген ниетпен қатысыпты.

Құрметті ағайын! Бүгінгі Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бар жақсылықты тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын, — дейді ақсақал.

Одан бөлек, құрбан шалудан қасапшылардың жарысы, гір тасын көтеру, қол күрес және арқан тартыс сынды сайыстар мереке көркін қыздырды.

Айта кетейік, бүгін Құрбан айттың құрметіне орталық саябақтағы ойын алаңдары балаларға тегін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, бірнеше қоғамдық көліктер мен таксилер Құрбан айттың қадыр қасиетін дәріптеу мақсатында қала ішінде тегін жүрмек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK