Жетісу облысына – 3 жыл: шекаралық Панфилов ауданында 6 жаңа мектеп, 21 медициналық нысан салынды

69

Жетісу облысының шекаралық аймағы Панфилов ауданы – халқының саны және әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Облыс құрылғаннан бергі үш жыл ішінде аталған ауданда 6 жаңа мектеп, 21 медициналық нысан салынған. Бұл туралы жуырда аталмыш ауданның әлеуметтік және инвестициялық объектілерге пресс-тур барысында белгілі болды.

Пресс-турға қатысушылар бірінші болып Жаркентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1200 орынды орта мектепте болды. Жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл заманауи білім ордасында балалардың алаңсыз білім алып, шығармашылық еркін дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл туралы кеңінен айтып берген мектеп директоры Айгүл Дәрубаева:

— Мектепте 64 сынып бар, соның 6-уы – touch-экрандары бар жаңа модификациядағы кабинеттер, онда оқушылар химия, физика, биология пәндерін, робототехника, STEM, нанотехнологияны меңгереді. Сонымен қатар екі информатика кабинеті, 258 орындық кең акт залы, екі оқу залы бар кітапхана, 230 орындық асхана, би залы бар. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ерекше жағдайлар жасалған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимаратта бейнебақылау, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылған. Материалдық жабдықтарға бай шеберханалар, кітап оқуға, оқушылардың шығармашылық дамуы мен демалуына арналған коворкинг аймақтары, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдары жасақталған, — деді.

Оның айтуынша, мұнда балалар бір ауысымда оқиды. Ал түстен кейін мектептің хореография залында би, спорт зал мен алаңдарда волейбол мен баскетбол және басқа да тегін үйірмелерге қатысады. Барлық пәндер бойынша ақысыз қосымшалар жүргізіледі.

Сол сияқты осы күні пресс-турға қатысушылар екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Головацкий атындағы ауылдың күрделі жөндеуден кейін жаңартылған мәдениет үйінде болды. Кезінде Николай Головацкийдің арқасында салынған мұндай көрнекті мәдениет ошағы кез келген ауылда кездеспейді. Ауыл тұрғындары жеке меншікке өткен, жөндеусіз жүдеу күйге түскен мәдениет нысанының болашағы үшін алаңдап, аудан және облыс басшылығымен болған кездесулерде күрделі жөндеу қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәдениет ошағының жай-күйіне назар аударып, осы мәселенің шешілуіне ықпал етті. Бұл ғимаратта журналистер ардагерлер фестиваліне дайындалып жатқан «Алтын қазына» ансамблі мүшелерінің репетициясына куә болды. Сол сияқты ауыл кітапханасының жұмысымен танысты.

Бұл ауылдағы келесі нысан — 210 орындық «Жаскент» жекеменшік балабақшасы. Бір кездері «Қорғас» ХШЫО-ның бұрынғы әкімшілік ғимараты болған бұл нысанды кәсіпкер Тұрсын Кончибаева сатып алып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 200 млн теңгеден астам сомаға күрделі жөндеу жүргізген, ғимаратқа газ қостырды, балабақша ашып, 20-дан астам адамды жұмысқа орналастырды.

Талды ауылдық округінде БАҚ өкілдері демеушілер салып берген «Тау самал» мәдениет және демалыс саябағына барып, ағаш екті. Жалпы аталған саябаққа 13 мың ағаш егілді.

Мұндағы іргелі жұмыстар жайлы округ әкімі Қуандық Әшіржанов айтып берді.

— Біздің Талды ауылы – Панфилов ауданының үлгілі елді мекендерінің бірі, мұнда 5 мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып, ауылда мектеп, екі балабақша, амбулатория, мәдениет үйі жұмыс істейді. Жақын арада газдандыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар  әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға арнап 16 үй салынуда.  Сондай-ақ бүгінгі таңда 300 орындық жаңа мектеп тұрғызыла бастады, — деді ол.

Тілшілер қауымы аталған мектептің құрылыс алаңына барды. Аудан әкімінің орынбасары Дидар Ешеновтың айтуынша, білім беру нысанын салу 2024 жылдың маусым айында басталған. Осы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

— Бұл мектеп арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынып жатыр. Біздің талдау жасап, ұсынуымызбен жаңа мектеп құрылысы сол бағдарламаға енгізіліп, қаражаты бөлінді. Жалпы құны 2,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары тамыздың соңында аяқталуы тиіс, дегенмен бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жұмыс кестесінен едәуір алда келеді. Сондықтан құрылысты бірінші тамызда аяқтаймыз деген жоспар бар, — деген Д.Ешенов жаңа білім ордасының жабдықталуы жайлы мектептен еш кем түспейтінін және оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің үміттері толығымен ақталатынын жеткізді.

Мұнан соң журналистер өткен жылы көп балалы отбасыларға 160 пәтер, сондай-ақ демеуші компанияларының есебінен екі пәтерлі үйлер салынған жаңа шағын ауданда болды. Келесі нысан — Алтүй ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория. Оның штатында 18 маман бар – жалпы практикадағы екі дәрігері, 6 медбике. Мұнда 1960 жылдары халыққа бір ғана фельдшер медициналық қызмет көрсетті. Бүгінгі таңда зертхана, күндізгі стационар сияқты стандартты медициналық қызметтерден басқа, оңалту орталығының жұмысы қарастырылған.

Журналистер атбасын бұрған тағы бір нысан — Үлкен Шыған ауылындағы 90 орындық спорт кешені. Мұнда кең тараған спорт түрлерінен он секция жұмыс істейді.

Пресс-тур соңында журналистерге Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен айтып берді:

— Панфилов ауданы шекаралық аймақта орналасқандықтан экономикалық даму жағынан мүмкіндігі жоғары аудандардың бірі саналады. Соңғы үш жылдың ішінде тек қана білім саласының өзінде 6 елді мекенге жаңа мектептер салынып, пайдалануға берілді. Үш жылда 6 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Биыл Д.Рақышев атындағы мектептің жаңа құрылысын тамыз айының аяғына дейін бітіріп, 1 қыркүйекте іске қосамыз. Денсаулық саласында үш жылдың ішінде 21 елді мекенде жаңа ғимараттар салынды, 7 елді мекендегі медицина ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Біздің аудан халық өсімі жағынан бірінші орында, жылына кем дегенде 3200-3500 бала дүниеге келеді. Сондықтан перзентхананың ғимаратына жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Үш жылдың ішінде бізде кәсіпкерлердің көмегімен 6 спорт кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар инфрақұрылым мәселелерін де назар аударып келеміз. Көктал мен Сарыоөзек арасындағы 78 км жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ауылішілік жолдар да назардан тыс қалмайды. Газбен қамту бойынша биыл 25 елді мекенге көгілдір отын жеткізуге қаражат бөлінді. Бес елді мекенге су құбыры жүргізілді. Көгалдандыру бағытында «Таза Қазақстан» бағдарламасы  аясында ауданда 15 мыңға жуық ағаш отырғыздық, — деді ол.

                                                             Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз