Талдықорғанда облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің, «Ауған соғысы» ҚБ мүшелері және Жетісу облысы аумағында әлеуметтік бағытта қоғамдық, азаматтық белсенділік танытып жүрген «Ұлттық құрылтай» мүшесі Дания Қыдырбаеваның қатысуымен кездесу өтті. Онда Мемлекет басшысы жариялаған бастамаларды өңірде жүзеге асыру мәселелері қаралып, талқыланды.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдермен қатар ел дамуының өзге де бағыттары бойынша басты басымдықтар айқындалған болатын. Бұл орайда ел ішіндегі өзгерістерге құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері де зор үлес қосуда. Азаматтық қоғам белсенділері «Мұндай келелі кездесулер қоғамның дамуында үлкен рөл атқарады, өйткені олар елдің алдағы жылдардағы бағыт-бағдарын анықтау үшін қоғамдық пікірді ескеруге мүмкіндік береді»-дейді. Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ілияс Сағымбеков «Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бірнеше маңызды мәселелер көтеріліп, бұл отырыс еліміздегі әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістерге қатысты пікірталастар мен ұсыныстар алаңы болды. Отырыста көтерілген негізгі мәселелер бұл: қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік, ұлттық экономика және әлеуметтік саясат, Қазақстанның сыртқы саясаты, құқықтық реформа және қазақ тілінің дамуы. Жалпы, аталмыш жиын алғашқы сәттен бастап-ақ жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты»-деп атап өтті.
Ел тарихындағы маңызды шараға қатысқан Дания Сәлімбайқызы «Құрылтай – ұлттың тағдырын шешетін маңызды жиын болған. Қазақ хандығы тұсында да, одан бұрынғы кезеңдерде де құрылтайлар елдің болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдайтын алаң ретінде қызмет етті. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру. Қазіргі таңда менде қобалжу басым. Мойнымда үлкен жауапкершілік. Миссия — билік пен халық арасындағы байланысты күшейту, олардың ұсыныстарын жеткізу»-деп қорытындылады. Жиынға қатысушылар бірқатар мәселелер бойынша өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасуға белсенді түрде қатысты.