Ұлттық киім — ұлт бейнесі

41

«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» — деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киім үлгілері әлемнің этнографиялық музейлері орын алып, көрмелер арқылы насихатталып тұрады. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық киімдер әлі де өз құндылығын жоғалтпай бүгінде трендке айналып келеді. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан шапан, камзол, көйлек, бас киімдер заманауи үлгіде тігіліп жаңа лепке енуде. Сондай-ақ, әр мекеме ұжымы жұмыста ұлттық киім киюді дағдыға айналдырып келеді. Бұл дегеніміз – ұлттық сананың қайта жаңғыруы.

 Наурызнаманың он күндігі аясында «Ұлттық киім күні» еліміз бойынша былтырдан бері екінші рет тойланып отыр. Осы орайда, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» тақырыбында көрме құрды. Көрмеге жалпы саны 40-қа жуық экспонат қойылды. ХІХ ғасырдан жеткен ер адамдарға арналған түлкі жағалы сең-сең ішік, қой терісінен жасалған ішік, қасқыр ішік, пұшпақ ішіктермен қатар сең-сең тымақ, қаракөл тымақ, түлкі тұмақ, актриса, Қазақ КСР-нің халық әртісі Бикен Римованың сахналық киімдері қойылды.  Талдықорғандықтар қараған кезде көздің жауын алатын «Қасаба» тігін фабрикасынан шыққан замауи кимешек түрлері де көпшілік назарына ұсынылған.

Жалпы қазақ кимешегінің тарихи, философиялық, тәрбиелік мәні өте зор. Әр кимешекке қарап әйел адамның жас мөлшерін, абыройын, дәрежесін, шыққан тегін, әулетін, тіпті қанша құрсақ көтергенін бағамдауға болған. Сондай-ақ, киелі кимешектің ана мен бала денсаулығы, тазалығы үшін де маңызға ие.

Шара барысында қазақ кимешегін насихаттап жүрген журналист, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Гүлназ Мұстафа кимешекті киелі деп санайтынын, көпшілік қызығушылықпен қарайтынын айтты. Өз сөзінде:  «Менің таңқалғаным депутат болғаннан бастап үлкен қалалардағы республикалық, халықаралық жиындарда көбінесе ер азаматтар келіп осындай кимешекті жоғары деңгейге көтеріп жүрсіз деп рақмет айтады» — дейді журналист.

Қазақтың ұлттық киімдері өз ерекшелігімен, сәнімен, және функционалдығымен жоғары бағаланады. Әрбір киімнің артында терең мәдени мағына, тарих және рухани құндылықтар жатыр. Осындай бай мұраны сақтап, оларды келешек ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет. Ұлттық киімді насихаттау тек мерекелік шаралармен ғана шектеліп қалмай, жыл бойы  киіп жүруді дағдыға айналдыра алсақ нұр ұстіне нұр болар еді.

                                                                               Қалқаман Абдрахманұлы,

                 Ақын, журналист, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы

                                    атындағы тарихи өлкетану музейінің редакторы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз