ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері Ұлттық киім күнін ерекше атап өтті. Іс-шара аясында шекарашылар қазақы ою-өрнекпен безендірілген киім киіп, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетті.
Ұлттық киім күні – қазақ халқының бай мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған ерекше мереке. Осыған орай, Жетісу облысының шекарашылары — тек сыртқы келбетімен ғана емес, ұлттық рухты сақтауға деген ықыласымен де үлгі көрсетті.
Бұл шара жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді нығайтып, қазақ мәдениетіне деген құрметті арттыруды көздейді. Сондай-ақ, ұлттық киімнің ерекшелігін насихаттау арқылы шекара сақшылары арасында рухани бірлікті күшейтіп, ұлттық дәстүрлерге деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Шекарашылардың ұлттық нақыштағы киім киюі олардың тек ел шебін қорғаушы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды ұлықтаушы тұлғалар екенін көрсетеді. Мұндай шаралар ұжымдық рухты көтеріп, дәстүр сабақтастығын жалғастыруда маңызды рөл атқарады.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департмаенті