Ұлттық киім – бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі

28

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Әз-Наурыз мерекесіне әзірленген тұжырымдамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болғанын, қазақи нақыштағы киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келе жатқанын және бұл өте жақсы үрдіс екенін атап өткен болатын. «Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің аясындағы онкүндікке орай этно-дефиле өтті.

Халқымыздың басты байлығы бірлікті ұлықтап, ынтымақ пен татулықты ту еткен жеріміздегі бірнеше ұлт пен ұлыстардың достық биі және сәнді киім үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, шара барысында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының этноауыл «ALAMAN QURAQ» жобасына Жетісу облысының атынан қатысып, мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, жоғары дәрежеде атсалысқан ісмер өнерпаздарды марапаттады. Оларға 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын ұйымдастырудағы күш жігері мен елеулі үлесі үшін Юнесконың арнайы сертификаты табысталды. Қатарында еліміздегі ең қарт аламаншы-құрақшы Талдықорған қаласының тұрғыны Тұмарбала Сәлекеева да бар. Айта кетейік, жерлес шеберлеріміз  адамзат өркениетінің мол мұрасын, этно-спорттың және этно-мәдениеттің дәстүрін дәріптеу мақсатында Көшпенділер ойындарында жалпы көлемі 11200 шаршы метрді құрайтын құрақ көрпелер көрінісін ұсынып, екінші мәрте рекорд орнатқан болатын.

Наурыз – көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын, жақсылық пен молшылықты бейнелейтін ерекше мейрам. Бұл мереке  дәстүрлеріміздің жандануына, салт-дәстүрімізді мейлінше насихаттауға мүмкіндік береді. «Ұлттық киім» күніне орай «Наурыз Аруы — 2025» сұлулық байқауының ақтық кезеңі өтті. Байқаудың мақсаты қазақ тілінің, ұлттық құндылықтың, мәдени мұраның негізін сақтау және насихаттау, қыздардың өнері мен білімін көрсету. Бұл тек сыртқы сұлулықтың емес, рухани байлықтың, ізеттілік пен зеректіліктің көрінісі.  Арулар «Бұрымды Ару», «Күлімкөз Ару», «Парасатты Ару», «Әсемдік Аруы», «Нәзік Ару», «Көркем Ару», «Ажарлы Ару», «Білімді Ару», «Инабатты Ару» номинацияларына ие болды. Ал,   Еркежан Серікхан «Наурыз Аруы — 2025» жеңімпазы атанды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз