…Әуелгі болмыс, нәзік қалпынан ажырамасын

364

Көктем — нәзіктік! Бұл сұлулыққа тұнған ғажайып әлем әйел-аналардың мейіріміне, қыз-келіншектердің биязы болмысына ұқсайды. Егіз ұғым дерсіз. Кез келген ару тіршіліктің терең тамыры, отбасының шамшырағы, жарық жұлдызы. Сөзсіз. Әлемнің қуатты күші hәм ең сезімтал  тұсы да біздердің шексіз сүйіспеншілігімізде. Сұлулық пен жылулыққа тұнған мереке қарсаңында иманы мен әдебі үйлескен, қарапайым ғана әлемі бар Наргиз Шадиева жайлы айтуды жөн санадық. Ол жанұяның да, жұмыстың да бабын бір мезетте дөңгелетіп, білім, үздіксіз даму, сауатты тұлға болып қалыптасуда да шет қалмауда. Оның ұстанымы: «Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды. Қыздары парасатты, анасы ақылды болмаса, қоғам әлсірейді».

  • Әкем — тәжік, анам — қазақ. Әкем өмірден өткен соң нағашы ата-әжемнен қазақы тәрбие алдым, қазақша оқыдым, сондықтан өзімді нағыз қазақпын деп санаймын. 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Бүгінде төрт баланың ата-анасымыз, яғни, 27 жасымда көпбалалы анамын. Құдайдың берері таусылмасын. Әу бастан ата-енемізбен үлкен отбасы болып тұрамыз. Шаңыраққа жас келін боп енгеннен кейін ене мектебінен өтіп, көп дүниені үйрендім, әлі де аларым мол. Белгілі бір жетістікке жетіп, сүйікті ісіммен алаңдамай айналысып жүргенім отбасымның қолдауының арқасында. Әлбетте жалғыз өзің барлығына үлгеру мүмкін емес. Осы орайда мейлінше түсіністік танытып, демеу болып жүрген жанұяма алғысым шексіз. Алғашқы жылдары декреттік демалыста үйде отырғандықтан кәсіпке де, жұмысқа да уақытым тығыз болды. Жылдар өте келе барлығын қолға алып, өзімді дамытуға жан-жақты көңіл бөле бастадым. Менің позициям әйел адам үнемі ізденісте жүріп, қашанда өзін толықтырып отыруы қажет. Бойындағы қабілеттерін ашу керек. Себебі, біз бір ғана перзентті емес тұтас ұлтты тәрбиелейміз. Қыз баланың тұлғалық дамуы – оның өмірдегі өз орнын табуына, өз-өзіне сенімді болуына және қоғамда маңызды рөл атқаруына апаратын жол. Бұл даму үдерісі тек білім алумен ғана емес, ішкі және сыртқы қасиеттерді жетілдірумен байланысты.
  • Қоғамға пайдалы болсам екен дейтін мақсатым болатын. Осы орайда қыз-келіншектерге арналған орта құрдым. Онда рухани даму, дене саулығы, дұрыс тамақтану және белсенді өмір салтын ұстану, өзіне күтім жасау сынды түрлі тақырыптар қамтылып, арт терапия және психологиялық ойындар ойнатылады. Жалпы, әйелдің өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі – ішкі және сыртқы әлемімен өзара үйлесімділікте өмір сүру. Бұл тек физикалық денсаулық пен сұлулыққа ғана емес, рухани тыныштыққа, эмоционалды тепе-теңдікке және өзін-өзі бағалауға да байланысты. Әйел үшін кәсіби жетістікпен қатар  сүйікті ісімен айналысу да маңызды. Өзін дамыту, жаңа нәрселер үйрену және шығармашылықпен айналысу адамға шабыт береді. Қазіргі ғасыр энергияға байланған. Тек күнделікті тұрмыс салтынан өзге де дүниелер болсын деген ниет болған болатын. Арулардың пікірлеріне, өмірлеріндегі өзгерістерге қарасам дұрыс жолда келе жатқандаймын.

  • Көктем – адамдарға жылулық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтыны белгілі. Ал, осы мезгілмен қатар келетін халықаралық әйелдер күні, яғни, біздердің төл мерекеміз бұл кереметті тіптен арттыра түсетіндей. Біз үшін әр күн мереке ғой. Белгілі бір ұстанатын қағида жоқ. Дегенмен мейрам ескерусіз қалмайды. Барынша жайлы атмосферада жанұямызбен атап өтеміз. Сырласып, уақытты мәнді де мағыналы өткізуге тырысамыз. Осы орайда барша ақ жаулықты әжелерге, әлемнің жарығын сыйлаған аналарға, аруларға әйел бақытын, жағымды эмоциялар, шексіз бақыт және зор денсаулық тілеймін. Әр күндеріңіз күлкіге, махаббатқа, қамқорлық пен қуанышқа толы болсын. Әйелдер қауымы қандай жағдайға да қарамастан әуелгі бітім-болмысын, нәзік қалпын сақтап қалса екен. Әрдайым өзінің ішкі әлемімен, тұтас сыртқы дүниемен өзара гармонияда болсын дегім келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз