Әсемдікпен сән берген дүниеге

94

Қоғамдық қызметке өз өмірін арнаған, еңбекқорлығы мен адалдығымен танылған Құманғалина Санира Иманғазықызы — мектептің ұжымындағы ерекше тұлға. Ол Талдықорған қаласындағы тұңғыш ашылған қазақ мектебі, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейіне 1997 жылы орналасып, 28 жылдан астам уақыт бойы мектепте еден жуушы болып қызмет атқарып келеді. Қарапайым еңбек адамдарының еңбекқорлығын, төзімділігін және өз ісіне деген адалдығын көрсететін Санира апайдың өмірі мектеп ұжымы мен оқушылар үшін үлгі боларлық.

Шығыс Қазақстан аймағының  тумасы  Санира Иманғазықызы 1975 жылы ата-анасымен Талдықорған қаласына көшіп келіп, Еркін мектебінде оқыды. Кейін мектеп бітіріп, Талдықорған қаласындағы №3 училищесінде білім алды. Содан тұрмысқа шығып, дүниеге үш бала алып келді. Тұңғыштары, ұлы Марат қаламыздағы Техикалық қызмет көрсету станциясында жұмыс жасайды. Екі қызы да тұрмыста, Айнұр Семей қаласында медициналық қызметкер болса, Раушан Қапшағай қаласында заңгер болып қызмет атқарады. Жолдасы Серікболат Құрманғалин жүк тасымалдаушы болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда осы үш баласынан жеті немере сүйіп отыр.

 Санира Иманғазықызы: «Мен мектеп ішіндегі тазалықты қамтамасыз ету маңызды екенін түсінемін. Көптеген адамдар бұл жұмысты қарапайым дәрежелі деп есептесе де,мен үшін ол — жүрекпен жасалатын жауапты жұмыс.  Таңертеңнен кешке дейін осы жерде жүргендіктен болар,  үлкен-кішіде, оқушылар да мені таниды. Айналаның таза да ретті болғандығын қалаймын».

 Еден жуушының жұмысы — тек тазалықпен ғана шектелмейді. Санира апай үшін мектептің атмосферасын қалыптастыру да үлкен маңызға ие болды. Ол әрқашан мектептің ішкі тәртібі мен тазалығына жауапты болды, бірақ өзінің қызметін өте қарапайым әрі ерекше түрде орындауға тырысады,-дейді ұжымдастары. Әрбір сабақ арасындағы үзілістерде, мектептің әр бұрышында оның ыждағаттылықпен жұмыс істеп жүргенін көрген оқушылар мен ұстаздар бұл  жұмыстың мәнін бағалай білді.   Санира Иманғазықызы мектеп ұжымының бір бөлігі бола отырып, өз қызметімен оқушылардың тәрбиесіне, ұстаздардың жұмысына оң әсер етті. Айтар болсақ, күнделікті жұмысында реттілікпен  жасаған еңбегі сезіліп тұрады. Оның қажырлы еңбегі мен жұмысына деген жауапкершілігі ұжымға үлгі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз