Мен, Отан алдындағы борышымды ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінде өтеудемін. Отан шекарадан басталады шекараны берік күзету, қорғау біздің міндетіміз. Халықтың тыныштығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ыстықта да, суықта да ел іргесін күзетеміз. Жүректілік пен жігерлілікті талап ететін әскери қызметті жігіттің жігіті ғана атқаратыны анық. Алғыс айту күнін пайдалана отырып Отанымыздың шекара қызметінде қызмет атқарып жүрген жандарға сондай-ақ елінің қауіпсіздігін сақтаудағы адалдық танытып жүрген шекарашыларға алғыс айтамын!
Мен де осы шекарашылар қатарына қосылып әскери ант қабылдағаныма бір жыл болыпты. Отан алдындағы борышымды шекарашы болып шекара шебінде өткізгенімді мақтан тұтамын. Бір жыл уақытта өмірлік сабақ алып, өзімді басқа қырынан танып, әскердің темірдей тәртібіне үйрендім. Әскери өмірдің дәмін татып әскери борышымды туған жердің шекара шебінде өткізуге мүмкіндік берген Шекара қызметіне алғысым шексіз.
Сондай-ақ қуанышта да, қиын сәттерде де қасымда болған қарулас бауырларыма, шекара шебінде Отан алдындағы борышымды өтеу кезінде жыл бойы маған дұрыс жол көрсетіп ақылын айтып, шекараны қырағы күзетуіме өз үлестерін қосқан сержант, офицерлерге де алғысымды білдіремін!
Мерзімді әскери қызметтің қатардағы жауынгері Бақдаулет Аралбай