Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай салтанатты шара өтті. Бұл күн — қоғамымыздың дамуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге, адам құқықтарын қорғауға және көптеген игі бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып жүрген жандарға алғыс айту мүмкіндігі.
Жиынға Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, ҮЕҰ өкілдері қатысты. ҮЕҰ — азаматтық қоғамның жүрегі, өзгерістердің қозғаушы күші. Олардың белсенділіктері мен адал еңбектерінің арқасында көптеген жобалар мен бастамалар жүзеге асуда. Айта кетейік, Талдықорған қаласында 394 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар халықты әлеуметтік қорғау салаларында, білім беру мен спорт, жастар саясаты мен балалардың құқығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау салаларында белсенді жұмыс атқарып келеді. Ернат Дүйсенбекұлы «Қаламыздағы үкіметтік емес ұйым өкілдері қоғамның дамуына, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлкен үлестерін қосуда. Үкіметтік емес ұйым өкілдері қайырымдылық шараларына да белсене араласып, қала тұрғындарына, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға өз көмектерін беріп келеді. Қаламыздағы азаматтық сектор өкілдерінің қоғам пайдасына атқарып жатқан жұмыстарын ескере отырып, халық мүддесі үшін еңбектеніп жүрген өздеріңізге алғысымды білдіремін»-деді. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті нығайтуға, азаматтық келісімді сақтауға қосқан зор үлесі үшін бірқатар қоғамдық бірлестік марапатталды.