Өмір жолы — үлгі

71

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметшісі Ербол Әбділдаев — шекарашылар қатарында үздік маман атанған жан. Ол Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылының тумасы. 1975 жылы мектеп табалдырығын аттап, он жыл бойы білім нәрімен сусындады. Жасөспірім шақтан еңбекке деген құлшынысы мен жауапкершілігі ерекше болды. Кеңес Одағы кезінде Түркіменстанда әскери борышын өтеді. Әкесінің «Ер адам әскерде шыңдалады» деген сөзі санасында жаңғырып, күш-жігер берді. Бала кездегі арманы орындалып, Т-62 танкісін жүргізді. Әскерде «кіші сержант» әскери атағын алып, аға механик-жүргізуші лауазымында болды.

Үйге келген жылдың күзінде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіптік-техникалық училищесінде оқыды. Ербол Баянұлы еңбек жолын әкесінің ізімен ауыл шаруашылығында бастады. Алдымен Үшарал колхозында тракторшы болып жұмысқа орналасты. Әкесі оған темір тұлпардың қыр-сырын үйретіп, мамандықтың қырларын меңгеруге көмектесті. Адал қызметі мен біліктілігінің арқасында 2010 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2091 әскери бөліміне қарасты «Смирновка» шекара заставасына жұмысқа орналасты. 2020 жылдан бастап инженерлік- техникалық қамтамасыз ету бөлімінде бульдозерші қызметін атқарып келеді. Көп жылдық еңбегі елеусіз қалмады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік бульдозерші» номинациясын иеленді. Бұл марапат — жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің, кәсібіне деген сүйіспеншілігінің, адалдығы мен жауапкершілігінің жемісі. Ербол Баянұлы — елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы — еңбек пен ерліктің, төзім мен табандылықтың айқын көрінісі. Ол өз ісін сүйетін, отбасы мен Отаны үшін аянбай тер төгетін азамат ретінде ұрпаққа үлгі.

                                     ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз