Талдықорған қаласында жеке кәсіп ашып, ісін сәтті дамытып жүрген кәсіпкерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде талды қаламызда 18 мыңнан аса шағын және орта бизнес нысандары бар. Олардың қатарында кәсіпкерлік саласында жоғары жетістікке жетіп жүргендер көп.
Солардың бірі — «Жанар» брендімен спорттық киімдер тігіп, өз ісін өркендетіп жүрген Жанар Доспанбетова. Ол 30 жылдан аса уақыт ине-жібін серік еткен шебердің бірі.
Ісмердің сөзінше, ол Оңтүстік Корея Республикасында 4 жылға жуық мол тәжірибе жинақтап, елге оралып, өз кәсібін бастап, сапалы ұлттық нақыштағы спорттық киімдерді тігуді қолға алған. Отандық киімнің бағасы 5 мың теңгеден қолжетімді бағада сатылуда.
«Әр жаңа істі бастау кезінде, әрине, қиындық туатыны сөзсіз. Бірақ өз ісіңе деген адалдық бәрін жеңеді. Қазіргі күні киімнің барлық түрін тіге аламын. Сұраныс көбіне арнайы ұлттық нақышта тігілген спорттық киімдерге көп десем болады. Тапсырысқа қарай күніне 3-4 спорттық киімді тігемін. Ендігі мақсатым, шағын тігін цехын ашып, шәкірт тәрбиелеу», – деп атап өтті кәсіпкер Жанар Доспанбетова.
Айта кетейік, «Жанар» ательесі киім-кешектерден бөлек, төсек жамылғыларын да тігумен айналысады.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі





























