«Көктал» тұрғын үй алабының 37 көшесін жөндеу жұмыстары 2026 жылы аяқталады

403
Талдықорған қаласында «Көктал» тұрғын алабының 37 көшесін күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылы толық аяқталмақ. Еркін ауылдық округіне қарасты «Көктал» тұрғын алабы халқының сұранысы негізінде Талдықорған қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы жөндеу жұмыстары басталған болатын.
Жоспар бойынша 37 көшені жөндеу үшін жалпы 3,3 млрд теңге қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 22,6 шақырым көше ретке келтірілмек. Биылғы жылы 7,6 шақырымды құрайтын 8 көшенің жөндеу жұмыстарына 974,7 млн теңге бөлініп, 2 көшенің асфальт төсемі толығымен аяқталса, ал қалған 6 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталмақ.
Сонымен қатар, биылғы жылы Еркін ауылы мен 3-бөлімше бойынша көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары да жоспарлануда.
Естеріңізге салсақ, 2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында «Көктал» тұрғын алабының Амангелді көшесіне ұзындығы 1,8 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, қолданысқа берілсе, аталмыш бағдарлама аясында Еркін ауылы Момышұлы көшесіне, «Көктал» тұрғын алабы Теректі көшесіне және 3-бөлімшеде Шұғыла көшесіне балалар алаңы, Еркін ауылы Теміртекұлы көшесіне, Көктал тұрғын алабы Ойтоған көшесіне воркаут алаңдары салынып, халықтың игілігіне берілді.
Айта кетейік, биылғы жылы Еркін ауылында халықтың көптен бергі арманы болған 120 орынды ауыл мәдениет үйінің құрылысы да басталмақ.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз