Бос орындар жәрмеңкесі — жұмысқа орналасуға мүмкіндік

86

 Жұмысшы мамандықтары жылы аясында  «Адал еңбек-Адал табыс» атты   бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қаламыздағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы  ғимаратында өткен шараға 40-қа жуық кәсіпорындар мен ұйым-мекемелер қатысып, 400-дей бос жұмыс орнын ұсынды.  Бұл жерде арнайы орта білімі бар жұмысшыдан  жоғары білімді мамандарға сұраныс көп болғандығын байқадық.

Аталмыш шараға  Талдықорған қаласының  әкімі Ернат Бәзіл қатысып, ең алдымен қала кәсіпкерлерінің қолөнер бұйымдарының көрмесін аралап көрді. Аралау барысында  қала әкімінің  жұмыс беруші ұйымдардың өкілдерімен сұхбаттасуға мүмкіндік туды.

 Жиында Ернат Бәзіл: « Мемлекет басшысының  тапсырмасына сәйкес, халықты тұрақты жұмыспен қамту  басты міндетіміздің бірі. Жыл сайын қаламызда ірі және шағын кәсіпорындардың саны артып келеді. Осыған байланысты білікті жұмысшылар қажеттілігі бар. Ендігі міндет – тұрғындарды  тұрақты жұмыс табуына жәрдемдесу. Бұл бағыттаға жұмыстар жүйелі қолға алынуда. Мұндай ауқымды жәрмеңкені тоқсан сайын өткізетін боламыз», — деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

Өткен жылы қаламызда 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту деңгейі артқан. Аталған  жәрмеңкеге 500-ден аса қала тұрғыны келсе,  оның басым бөлігі қала жастары.

Роза Ақжаркенова, «Ерлік» ҚБ төрағасы: — Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне бізге қажетті есепші, барлық категориядағы жүргізушілерді ұсындық. Алайда, жастар келіп бірден жалақысы қанша деп сұрайды. Ол жастың еңбек өтілі бар ма, жұмысты алып кете ала білуіміз керек қой. Көбісінің тәжірибесі  жетпейді. Аз уақыт ғана істеп кетіп қалады. Жастарға шыдамдылық жетпейді.

Ал Анастасия  деген жұмыс іздеуші  шаштараз мамандығын қаламыздағы арнаулы орта білім беретін колледжден  алыпты. Біраз уақыт  сән салондарына жұмыс істеген. Отбасылы, бүгінде өзіне ыңғайлы басқа жұмыс іздеп келіпті. Үйден балалар мен үлкендердің шашын алып беру еш қиындық тудырмайды. Алайда, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға сұраныс бердім, ұнаса сол жақта жұмыс істеймін,-дейді.

Бұл ретте, жәрмеңкеде   кәсіпорындар, мәселен, электрик, жүк тасушы, өнім жасаушы, лаборант, сатушы тәрізді мамандықтарға  сұраныс ұсынды.  Ал, қоғамдық ұйымдардың ішінде  «Асар» орталығына қажетті ғимарат тазалықшының жасы 55 жастан аспауы керек екен.

 Жастардың осындай жәрмеңкеге келуі олар үшін  мамандық таңдауда үлкен көмек болары сөзсіз. Жәрмеңкеде байқағанымыз жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып отыр.

                                                                     Суретті түсірген : Олжас Құрмашев

 

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз