24 қаңтарда талдықорған қаласының қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібі бойынша алдымен «талдықорған қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» талдықорған қаласы мәслихатының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы №29-174 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешімінің жобасы қаралды.
Аталған шешімнің жобасымен «Талдықорған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ басшысы Қайрат Мәженов баяндама жасап, таныстырды. Кеңес мүшелері оны бірауыздан қолдап, мақұлдады. Екінші, Еңбек ардагері, «Алматы облысының Құрметті азаматы» Ш.А. Тергеуованың «Батырлар аллеясын» құру туралы ұсынысы да бірауыздан қабылданды. Кеңес мүшелерінің назарына ұсынылған «Тұтынылған жылу энергиясына ақы төлеу бойынша есеп айырысуларды өзгерту мәселесі бойынша қала тұрғындарының өтініштері туралы» үшінші мәселе біраз дау-дамай туғызды. Талдауды қажет ететіндіктен оны қарау кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар осы аптаның сәрсенбісінде сәтінде, яғни қаңтардың 29-ы күні Қоғамдық кеңестің кезекті 48-ші отырысы өтті. Күн тәртібімен таныстырған Кеңес төрағасы Жексембай Мейрембаев қаралатын мәселелердің барлығы талдықорғандықтар үшін аса маңызды екеніне тоқталды. Талдықорған қаласының оқушыларын жазғы демалыс лагерімен қамту кеңес тарапынан қатарынан 3 жыл бойы көтеріліп келеді. Ел болашағы саналатын балалардың жаз айында денсаулығын шыңдап, жақсы демалуы – олардың сабақ оқуға ынтасын арттырып, көңіл-күйін көтеретіні сөзсіз. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында 2024-2025 оқу жылында 34 мың 401 оқушы білім алуда. Балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыру, олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы туралы баяндама жасаған Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов биыл Талдықорған қаласындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының теңгеріміндегі «Күншуақ» сауықтыру орталығын білім басқармасының қарамағына беру жұмыстарының басталғанын айтты. 18 ғимараттан тұратын бұл орталықта 75 баланы демалдыруға мүмкіндік болады. Кеңес мүшелері бір маусымда 75 баланы ғана тынықтыру аздық ететініне наразылық білдірді. Жыл сайын мектеп жанынан ашылатын жазғы лагерлерде демалатын балаларды да бір мезгіл тамақпен қамту керектігін және жерұйықты өлкенің кез келген аумағынан мыңдаған баланы қамтуға болатын үлкен лагерь ашып, еліміздің түкпір-түкпірінен балаларды қабылдап, демалатындай жағдай туғызатын уақыттың жеткенін айтты. Ел боламын десең бесігіңді түзе демекші, бүгінгі бала – ертеңгі маман, яғни елдің тұтқасын ұстар азамат. Сондықтан да Қоғамдық кеңес мүшелері білім басқармасы өкілдеріне балалардың болашағы үшін мемлекет деңгейінде қаражат бөлінуіне ықпал етулерін сұрады. Талдықорған қаласын көгалдандыру бойынша жұмыс, биылғы жылы күзгі ағаш отырғызу және Мемлекет басшысының ел аумағында 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі 2025 жылға арналған жоспарлар, шаруа қожалықтарының егістік алқаптары мен халықтың бау-бақшасын суару үшін қаланың суландыру жүйесінің қиын жағдайын жою және суармалы жерлерді суаруды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар, қаланың арық желілерінің 2025 жылы пайдалануға дайындығы туралы мәселені де кеңес мүшелері жан жақты талқылап, жауапты өкілдерге сауалдарын қойды.
Жексембай Мейрембаев, Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы:
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін қайталап айтуы, қоғамдағы экологиялық мәдениетті өркендетуге жауапкершілікті күшейте түсері сөзсіз. Талдықорған қаласында жыл сайын көктем мен күз айларында мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылады. Отырғызған соң, оны баптап, күтімге алу керек. Үнемі суарып, қарамаса ертеңгі күні қурап қалады ғой. Қаланың арық желілерін де талапқа сай орналастыру керек. Көгалдандыру ісіне қаражат аз бөлініп отырған жоқ. Арықтарды жүргізу жұмыстарына да жауапкершілікті күшейткен жөн. Ескелді ауданы мен Талдықорған қаласының шаруашылықтарын суармалы сумен қамту ісі Ескелді өндірістік учаскесінің құзырына берілген. Талдықорған қаласы – Жетісудың бас қаласы болғандықтан да оны өз алдына жауапты мекеме ретінде құру қажет деп есептейміз. Жалпы, біз бүгінгі көтерілген барлық мәселе бойынша қалалық әкімдікке Қоғамдық кеңес тарапынан ұсыныстар әзірлейміз. Бәрі шешімін табады деп ойлаймын.