1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Еліміздегі этносаралық келісім мен татулықты сақтау мен нығайту үшін құрылған ұйымның мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілмек. Бұл жөнінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Еркебұлан Ақболатов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Мерейтойлық жылды мерекелеу ағымдағы жылдың 1 наурызында, яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні және Алғыс айту күнімен басталады. Негізгі шаралар қатарында «Алғыс айту» күні, ҚХА өңірлік және республикалық сессиясы, бірлік күніне орай «Достық дәмі» мерекелік шарасы, «Бірлік Fest» фестивалі, «Бірлік жүгірісі» марафоны, Студенттік Ассамблеялардың республикалық форумы, Ассамблея жастарының республикалық сессиясы мен слеті, «Ұлттық домбыра» күніне орай «Алтын домбыра» шарасы, «30 игі іс» қайырымдылық акциясы және этномәдени бірлестіктердің мәдениет күндері және т.б. ауқымды шаралар қамтылған. Сондай-ақ, елдегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірліктің маңыздылығын көрсетуді мақсат ететін, Жетісу облысының тұрақтылығы мен бірегей этномәдени үлгісін насихаттауға бағытталған көркем фильмнің тұсаукесері өтпек. ҚХА-ның тарихы, оның құрылуы, қызметі, жетістіктері мен қоғамдағы рөлі туралы мәліметтер қамтылған кітап жарыққа шығады. Спикер «Бұл мерейтой – еліміздің бірлігі мен татулығының символы, сондай-ақ, көпұлтты Қазақстанның мәдени және әлеуметтік дамуының маңызды кезеңі. Ассамблея – бұл тек этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіру ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғамды дамыту, мәдениет пен дәстүрді сақтау, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру сияқты көптеген маңызды бағыттарды қамтитын ұйым. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өңірде маңызды 69 іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз бұл іс-шаралар арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін, оның еліміздегі этносаралық келісімді нығайтудағы маңыздылығын көрсетуді мақсат етіп отырмыз»-деп атап өтті.