Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында тағы 7 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды

7

Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында тағы 7 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды. Солардың қатарында Кербұлақ, Қаратал, Ескелді, Көксу және Сарқан аудандарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, ауылдық мәдениет үйлері, спорт кешендері мен медициналық пункттер бар.

Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында заманауи емхана пайдалануға берілді.

— Бұрын компьютерлік томограф болған жоқ, жалпы материалдық-техникалық база ескірген болатын, соған сәйкес халыққа медициналық көмек көрсету барысында белгілі бір деңгейде қиындықтар болды. Осыған байланысты тұрғындарды Талдықорған, Алматы қалаларына жіберуге тура келетін. Бүгін жаңа емханамыз ашылып, біраз мәселе шешілді. Мұнда компьютерлік томограф орнатылған, рентген, УЗИ, жалпы барлық қажетті заманауи медициналық жабдықтар бар. Сонымен қатар ауданда алғаш рет емхананың базасында 6 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте даму және ерте араласу орталығын ашамыз, онда нәрестелер мен балаларға скрининг жүргізіледі. Қажетті мамандар – невропатолог, көз дәрігері, балалар дәрігері және патронаттық медбикелер бар. Емханада жалпы 28 дәрігер жұмыс істейді. Біз халыққа сапалы, әрі уақытылы медициналық көмек көрсету үшін бар күш-жігерімізді саламыз, — дейді Сарыөзек ауылындағы аудандық емхананың директоры Қанатбек Әбдірахманов.

Емхананың құрылысы 2022 жылы басталды. Төрт қабатты ғимараттың ауданы 5,8 мың шаршы метрден асады. Емхана бір ауысымда 250 келушіге есептелген. Онда 15 төсектік алғашқы медициналық-санитарлық, арнайы, жедел және стационарды алмастыратын көмек түрлері көрсетілетін болады. Емханада терапия, хирургия, неврология, инфекциялық оқшаулау, балалар қабылдау бөлмесі қарастырылған әйелдер консультациясы, компьютерлік томография, рентгенологиялық және ультрадыбыстық зерттеу кабинеттері, сондай-ақ зертхана бар. Компьютерлік томограф, УЗИ, ЭКГ, фиброгастродуоденоскопия, СМАДЛОР-комбайн, гистероскоп, велоэргометр және басқа да заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Жаңа стоматологиялық кабинет және емдік дене шынықтыруға арнап жабдықталған зал жұмыс істейді.

Ал Қаратал ауданының Жаңаталап ауылында бірден екі жаңа әлеуметтік нысан – спорт кешені мен 150 орындық мәдениет үйі іске қосылды. Тұрғындардың айтуынша, бұл мерекеге тамаша сый болған. Бұрын ауылда спорт кешені болмаған, ал мәдениет үйінің ұжымы жалға берілетін бөлмеде отырған. Блокты-модульді конструкцияларды қолданудың арқасында объектілерді салуға алты айдан астам уақыт кетті. Жаңа спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ секциялары, ал жаңа мәдениет үйінде вокал, би, домбыра, қобыз үйірмелері ашылған.

Атап өтсек, Жаңаталап ауылында 1414 адам тұрады, ал ауылдық округтің өзінде тұрғындар саны екі мыңнан асады.

Сондай-ақ Ескелді ауданында жаңа жыл мерекесі қарсаңында тағы екі жаңа нысан ашылды. Блокты-модульді спорт кешені Жетісу ауылында, ал блокты-модульдік медпункт Ақешкі ауылында пайдалануға берілді.

Аумағы 700 шаршы метрден асатын заманауи спорт кешенінде баскетбол, волейбол және шағын футболға арналған зал бар. Сонымен қатар екінші қабатта тренажер залы орналасқан, нысан күрес, дзюдо жаттығуларына қажетті құралдармен жабдықталған.

Ақешкі ауылының тұрғыны Райхан Тәжіғұлова медициналық пункттің ашылғанына қатысты пікір бөлісіп:

— Өз ауылымызда денсаулығымызды қарайтын медициналық пункт болса деп армандағанбыз. Енді басқа елді мекендерге сабылмай, кез келген уақытта жақын маңнан дәрігерге қаралып, тексеріле алатынымызға қуаныштымыз, — деді.

Атап өтсек, бұған дейін Көксу ауданы Кеңарал ауылында жаңа блокты-модульді медициналық пункт ашылғанын болатын. Бұл ауылдағы бұрынғы медициналық пункттің ғимараты 1965 жылы салынған, тиісті талаптарға сай келмейтін.

Ал Сарқан ауданында қайта жаңғыртудан кейін Көктерек ауылында 200 орынды мәдениет үйі өз жұмысын бастады.

Бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты 2000-шы жылдардың басынан бері күрделі жөндеуді қажет еткендіктен, нысан жұмыс істемей тұрған. Оны қайта жаңғыртуға 321 млн. теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Ғимараттың екінші қабатында 9549 дана кітап қоры бар кітапхана орналасқан. Вокал, би, қолданбалы өнер, домбыра үйірмелері ашылып, 9 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

Жаңа мәдени нысанның ашылғанына талапты жастар да риза. Солардың бірі М. Мәметова атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Айзере Башай:

— Мен биді жақсы көремін, бірнеше жылдан бері би үйірмесінде  жаттығып келемін. Бұған дейін сабақтар мектеп қабырғасында өткізілетін, енді жаңа мәдениет үйіндегі арнайы үйірмеге қатысатын болдым, — дейді жас биші.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз