Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында Алакөл, Ақсу, Кербұлақ және Қаратал аудандарында 109 отбасы үйлі болды.
Мәселен, Алакөл ауданында жаңа үйдің кілттері кезекте тұрған көп балалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталды. Бұл үйлердің әрқайсысының жалпы ауданы 60-70 шаршы метр, абаттандырылған жеке учаскесі бар. Соның ішінде 60 жаңа үй сатып алынып, 10-ы салынды. Жалпы бұл мақсатқа бюджеттен 1,4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Үшарал қаласында 41 жалға берілетін жеке үй, Қабанбай ауылында 15 үй, Бескөл ауылында тағы 10, Қазақстан ауылында 4 үй пайдалануға берілді.
Ал Ақсу ауданында кезекте тұрғандарға Жансүгіров ауылынан 24 пәтерлі 3 қабатты жалға берілетін үйдің кілттері табысталды. Пәтерлер ауданда кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағыларға, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға берілді. Бұл үйде алты 2 және 3 бөлмелі пәтер және 12 бір бөлмелі пәтер бар.
Кербұлақ ауданының Басши, Жайнақ батыр, Жаңалық ауылдары мен Қаратал ауданының Қаражиде ауылының 15 тұрғыны Жаңа жыл мерекесін жаңа қоныста тойламақ. Оларға жалға берілетін жеке тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Жалпы биыл облыста жаңадан салу және сатып алу есебінен 2 708 отбасы үйлі болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі