ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қоғамдық өмірдің барлық саласына жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселесі қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады.
Цифрлық үкімет кеңсесінде Премьер-министрге отандық цифрлық шешімдерді іске асыру барысы көрсетілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Әлеуметтік әмиян», «ОТӨ тізілімі», «Онлайн-нотариус» жобаларын, азаматтар өтініштерін жүйелеуге арналған e-Otinish платформасын және басқа да жобаларды таныстырды.
Олжас Бектенов экономиканы ынталандыру үшін цифрлық орта құрудың маңызды екенін баса айтты. Озық елдердің барлығы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға жаппай инвестиция салып, өз стратегияларын жасауда. Цифрлық технологиялар бізде қазірдің өзінде өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және құқықтық қолдау, салық секторы мен бизнес-ортада белсенді қолданылып келеді.
«Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық трансформация экономика мен қоғамдық өмірдегі өзгерістерге жәрдем беруге тиіс екенін атап өтті. Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз. Сондай-ақ проактивті түрде әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы Жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне өңір әкімдерімен бірге 2025 жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарына оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындауы керек.
Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қорының қолжетімділігі бойынша бірыңғай тәсілдер әзірлеуге ерекше назар аударылды. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттардың дер кезінде беріліп, өзекті әрі дұрыс болуын қамтамасыз ету үшін деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын регламенттеу тапсырылды.
Жасанды интеллектіні қолдану бойынша ашық әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында оны пайдалануды реттейтін заңнамалық шаралар мен нормативтік құқықтық актілерді қабылдау керек. Премьер-министр дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану арқылы қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік мәселесіне баса назар аударды.
Халықтың жасанды интеллект саласындағы жаңалықтардан хабардарлығының төмендігін ескере отырып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қолданыстағы цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіру және оларды пайдалану туралы жұртшылықты ақпараттандыру міндеті қойылды.
Сонымен қатар Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізіп, іске асырып жатқан өндіріс орындар қолдаудың нақты шараларын әзірлеу тапсырылды.