Қазақтың көркем мінездері-ай. Босағасына келген кісіні қайтармаған қонақжайлықпен көршісімен тату болып, тыныштық тілеген қауымбыз. Үлкеннің алдын кеспей, сөзін сыйлап, қас-қабағынан қаймығып, шежіреден сыр шерткен қарияларымызды құрметтейміз. Кішінің бетін қақпай, белін буып, ағалық ақылымызды айтып, ізеттік танытамыз. Қыз баланы болашақ ана деп алақанымызда аялап, ардақтаған халықпыз. Отбасылық тәлім-тәрбиеге мән беріп, ұлы далаға рухы асқақ, абыройлы мұрагерлер қалдыруды көздеген кемеңгер елміз. Бабаларымыздың таза қанымен келген тектілік пен алғырлықтың, ар-ұждан мен адалдықтың белгісі әрқайссымыздың  бойымыздан табылады. Ал, осындай қымбат қасиеттерімізді қайда жұмсап, қай қырымыздан танылып жатырмыз?

Текті атаға тартып туған қазақ жастары аса зерек әрі қағілез. Мұндай қабілеттеріміздің есебінен жас талшыбықтай өсіп келе жатқан жастарымыз көріп-білген затын ақыл-сана секілді ешбір сүзгіден өткізбестен бойымызға жақсы әдеп пен жаман әдетті қатар сіңіріп алып, шет жақа есіміз ауа еліктейміз. Бұлай айтуға себеп болған өзім көріп, ортасында жүрген мендей жас буындардың қазіргі әрекеті. Барлығымыз осындай болмасақ та бүтіндей қарын майдың бұзылуына бір құмалақтың жеткілікті екенін ескерген жөн. Бүлінгеннің бүлдіргісін алып, жыртық,жартылай жалаңаштанған киімінен бастап, пайда әкелмейтін фильмін, адам түсінбейтін даңғырлақ әнін де тонадық. Ерекшелену үшін ерлер ұзын, әйелдер қысқа шашты үлгі ететініне көзіміз үйреніп кетті. Қарындастарымыз жабыстырып киінген,сырғалы жігіттердің сыңсығанын естуге құмартады. Ал, жігіттеріміз қыздардың қалауы деп сұраныстың ыңғайына жығылмасын дейік.

Қазақ достарымның арасындағы кітап ұстағандардың қолынан шет елдік авторлардың туындыларын орыс тілдік нұсқасын оқып жүргенін байқауға болады.Өзіміздің жазушылар көңіліңнен шықпағаны ма деп сұрақ қойғанымда,ана тілде оқудың қиындығын сылтауратып,шет елдің өмірбаяны қызықтыратынын айтты. Иә, содан болар қай жерде болмасын «Шекспирдің сөзімен саптасақ», «Конфуций айтқан екен», — деп басталатын сөздер көбейді. Сан ғасырдан сыр шерткен терең тарихымызды да ой — санамыздың тұңғиығына батырып, өзгелердің өміріне үңіліп, солар секілді жүріп-тұруға икемделіп барамыз. Той қазақтың қазынасы деуші едік, қазіргі кейбір отырыстардың ойранынан шошуға болады. Неге апарып жатқанын жазар болсам, қағаз көтермейді ғой. Ал осыған текті қазақтың төзіп жүргеніне таңданасың. Мұның бәріне түптеп келгенде жалтыраққа елеңдеген, бос затқа қызығуымыз кінәлі. Бұл ғасыр жарнаманың заманы екенін, әрбір ел салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпын жақсы жағынан көрсетуге тырысқанынан түсінуге болады. Осындай қарапайым жолмен жан-дүниемізге еніп, тілін үйретіп, өздерін сыйлатып, мойындатуға талпынуда. Жапонның жасампаздығына, қытайдың еңбекқорлығына көз салсақ, әлде қайда тиімдірек болар еді.

Бірақ, ешбір жалтақтаусыз осы бір қабілеттердің барлығы өз бойымыздан табылатынына сенімдімін. Батыстың бықсығын бойымызға сіңіре беретін болсақ, «біздің қазақтың көркем мінездері-ай», — деп мақтанып емес, сағынып айтып отырмасымызға кім кепіл. Өзінде ештеңесі жоқтар еліктейді. Ал біз рухани құндылықтарымызды түгендеп, аз ғана уақыт аралығындағы жетістігімізді айтар болсақ, талайлардың таңдай қағары анық. Ежелден жылқы малын қолға үйретіп, қамалдар бой көтеріп, су құбырларының жүйесі ойлап табылған мәдениеттің ошағы біздің мекеніміз. Кешегі өткен алмас қылыш жасағы бар, қаһарлы Қасым, жоңғарды жонған,айбынды Абылайдай хандардың, ақылшы болған Қазтуған, Бұқардың,  Абай, Ыбырай, Шәкәрімдей даналардың, отан үшін от басып, толарсақтан су кешкен батыр Бауыржанның ұрпағымыз. Елім деп еміреніп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ержүрек халықтың сақтап қалған тұлпардың тұяғы тозып, ұшқан құстың қанаты талатын дархан даланың заңды  мұрагеріміз. Таңнан таңға таусылмас жыр боларлық тарихы бар мәңгілік елдің мәпелеуінде бүр жарған ұландармыз.

Айтқым келгені, өнегеге толы өткенімізден қол үзіп қалмай, ақыл-санамыз бен рухымызды жаңғыртып, ұлттық кодымызды нығайтар сәтке жеттік.  Өркендеп, өніп, көктеген еліміз тамырын тереңге бойлатып, бәйтерекке айналған сәтінде өзегіне құрт түсірмейік. Еліктеу дегенді ескі сөз қылып жадымыздан ысырып, есімізді жинағанға кеш емес.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK