Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесті

37

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданына барған жұмыс сапары аясында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Халықпен кездесуде баяндама жасаған Бейбіт Исабаев әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған шараларға, облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы ауданның қосқан айрықша үлесіне назар аудара отырып, өңірдің алдағы жоспарларына, басқа да негізгі бағыттарға тоқталды. Аудан басшылығының алдына жер қатынастарына қатысты бірқатар міндеттер қойды, атап айтқанда жердің мақсатты пайдаланылуын бақылау, конкурстар мен аукциондар арқылы жер беру жұмыстарын жандандыру жүктелді.

— Өткен он айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 112,6% құрады. Бұл — республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Біз әлеуметтік-экономикалық дамудың қол жеткізілген оң қарқынын сақтап, биылғы жылды сәтті аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте халықты сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, жолдармен, тұрғын үймен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Мысалы, соңғы 2 жылда тек бір Ескелді ауданының өзінде денсаулық сақтау, мәдениет, спорт сияқты әлеуметтік салаларда 18 блок-модульді нысан іске қосылды. Соңғы деректер бойынша Ескелді және шекара маңындағы Панфилов аудандары инфрақұрылымды дамуытуда көш бастап тұр, — деп атап өтті өңір басшысы Б.Исабаев.

Инфрақұрылымды дамыту жайына тоқталған облыс әкімі келесі жылы Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге және Қарабұлақ ауылында саябақ салуға қатысты мәселелер толығымен шешілетініне уәде берді. Бейбіт Исабаева газбен жабдықтау, сапалы ауыз сумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ жолдарды жөндеу мәселелеріне де назар аударды. Атап өтсек, 2022-2024 жылдары Ескелді ауданына әлеуметтік нысандарды салуға, реконструкциялауға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд. теңге бөлінген.

Сонымен қатар Бейбіт Исабаев өткен жылғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген проблемалық мәселелерге байланысты қабылданған шараларға тоқталды. Мәселен, бүгінгі таңда 2 мәселе толығымен шешілген. Атап айтқанда, балабақша ғимаратына күрделі жөндеу және М. Баисов ауылындағы спорт алаңына жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Көктөбе ауылындағы жолдарды жөндеу және Шымыр ауылындағы Абай көшесін жарықтандыру үшін техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары бар, жұмыстар келесі жылы жүргізіледі. Ақын Сара ауылында арық жүйесін салу да 2025 жылға жоспарланған.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Көкжазық ауылының тұрғыны газдандыруды аяқтау, жолдарды жөндеу және ауылды жарықтандыру мерзімдері жайлы сұрады. Белгілі болғандай, қазіргі кезде көшелерді жарықтандырудың кейбір тіректері жұмыс істемейді, осыған байланысты кепілдік міндеттемесі аясында мердігер ұйым бұл мәселені қысқа уақыт ішінде реттеуге міндеттенеді. Газдандыру мен жол жөндеу жобалары өтпелі жоба қатарында, сондықтан келесі жылы аяқталады. Тағы бір тұрғын Қаратал ауылынан аудан орталығына – Қарабұлақ ауылына дейінгі жолдың сапасына алаңдайды. Осы мәселе бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Атап өтсек, Қаратал ауылында биылғы жылы мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа блокты-модульді мәдениет үйі мен ауыл әкімдігі пайдалануға берілді. Облыс әкімі ауданға сапары аясында аталған жаңа нысандардың жұмысымен танысты.

Жаңа 100 орындық мәдениет үйінде кітапхана, акт және спорт залдары, вокал, би, шахмат, бокс үйірмелер бар. Ауыл әкімдігіне келетін болсақ, 60-шы жылдардың соңындағы ғимарат апатты жағдайда болған. Енді қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуі үшін жаңа ғимаратта қажетті жағдайлар бар. Еске салсақ, Қаратал ауылдық округінде 2400-ге жуық тұрғын тұрады.

Сонымен қатар осы күні облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз