ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасында «1985 жылғы 22 -қарашасында Ауғанстанда интернационалдық борышын орындау кезінде қаза тапқан шекарашыларды еске алуға арналған» митинг ұйымдастырылды. Жауынгерлік қызметті қалтқысыз атқарып, ант алдындағы борыштарын адал орындап, өмірден өткен қаруластарын еске алу -шекарашылардың ғасырлар бойы қалыптасқан салты. Мұндай дәстүр аға буыннан бастау алып, қазіргі кезде де жалғасын тауып келеді. Келешекте де ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, шекарашылар бар жерде санадан өшпесі анық. 1985 жылдың күзінде Шығыс шекара округінің Панфилов шекара отрядында құрылған застава шекарашылары Ауған жерінде жаудың тосқауылына тап болады. Бірнеше уақыт бойы Зардев алқабында саны жағынан да, қару-жарағы жағынан да бірнеше есе басым түсетін маджахеттермен ұрыс жүргізеді. Қиян-кескі ұрыста застава бастығы капитан Владимир Рослов және орынбасары капитан Анатолий Науовты қосқанда жалпы саны он тоғыз шекара сақшысы қаза тапты.
Еске алуға арналған митин қақтығыс алаңында жан тапсырған оғландарға арналып қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мемориалдық тақта жанына сап түзеген жасыл күнқағарлыларға бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Алғашқы сөз Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Берік Бұзаушиевке берілді. Сардар, жат елде ерліктің биік шыңын танытқан әскери қызметшілердің қайсар мінездері мен ұрыс барысындағы шеберліктерін жас буынға үлгі етті. Батырлардың есімдерінің жадымыздан ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Сөз кезегін алған Шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облысы бойынша филиалының жетекшісі запастағы полковник Николай Мечетин мен запастағы майор Владимир Байромян қаһарман ұлдардың жаумен бетпе-бет қалаған кездегі азғантай қолмен талайды жер жастандырған өр мінездерін жоғары бағалады. Елімізде тек қана бейбіт тыныштық болып, жер бетінде соғыс деген жаман аттың бір жолата жоғалсын деген тілек
айтты. Митинг соңы басқарма жеке құрамының қонақтар мен басшылықтың
алдынан жорықтық лекпен өтуімен аяқталды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті