Жетісуда 75 мыңнан астам тұрғын тұмауға қарсы вакцина салдырды

124

Елімізде қыркүйектен бастап тұмауға қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Облыс бойынша маусымдық тұмауға қарсы екпені бүгінгі күнге 75 мыңнан астам адам алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев пен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова мәлімдеді.
Тұмау – әлемде кең таралған, вируспен шақырылатын жіті респираторлық вирустық инфекция. Жұқпаның алдын алудың ең тиімді шарасы – тұрғындарды иммундаумен қамту. Сондықтан да аурудың алдын алу үшін екпе алудың маңызы зор.
Айта кетейік, Жетісу облысы бойынша 2024-2025 жылғы эпидемиологиялық маусымының 40-43 апта аралығында ЖРВИ-дің 15 мыңнан астам жағдайы тіркелді, оның ішінде сырқаттанған 14 жасқа дейінгі балалар 66%. Ал зертханалық жолмен расталған тұмау жұқпаның 1 жағдайы ересектер арасында анықталды.
Мамандар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді іс-шара ретінде вакцинациялауды ұсынады. Тұмауға қарсы екпе алу әлі де жалғасуда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз