Тал ек, гүл ек, туған жерді түлет

94

Халық даналығы «Атадан мал қалғанша, тал қалсын » дейді. Жапырағы жайқалған әр ағаш жазда сая, қыста қамал болары анық.  Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында  «Жетісу» телерадиокомпаниясы өзінің ширек ғасырлық мерейтой аясында Журналистер үйінің аумағына 25 түп қарағай ағашын  отырғызды.

Думан Алтынбекұлы, «Жетісу» телерадиокомпаниясының директоры: Жалпы, бұл игілікті үрдіс арна құрылған сәттен бастау алып келеді. Ардагерлеріміз ескі ғимаратта да көшет отырғызып, жас буынға әрдайым үлгі көрсете білді. Біздер сол дәстүрді жалғастырушымыз. «Тал ек, гүл ек, туған жерді түлет» деген қанатты сөз бар ғой. Аталмыш қағиданы ұстана отырып, «Таза Қазақстан» акциясын қолдау негізінде ұйымдастырылып отыр. Осы орайда ұсынысымызға қолдау көрсеткен «Жоңғар Алатауы»  ұлттық табиғи паркіне алғысымызды білдіреміз.

Айта кету керек, «Жетісу» телеарнасы 25 жыл уақыт аралығында отандық телеиндустрия нарығында  өзіндік бағытын айқындаған, қолтаңбасы қалыптасқан арнаға айналды. Ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда  хабар тарату аумағы кеңейіп, тың бастамалардың жаршысы болып көрермен қошеметіне бөленді. Хабар  тарату  аумағы  «ОTAU  TV» спутниктік желісі арқылы еліміздің барлық аймағы, сонымен қатар алыс-жақын шет мемлекет   Ресей, Түркия, Иран, Пәкістан, Моңғолия, Қытайдың батыс бөлігі, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттері көре алады. Ал мұрағатында шығармашылық ұжыммен жасалған жүздеген бағдарламалары бар. Қазіргі таңда эфирде танымдық, ақпараттық, ойын-сауықтық, әр салаға арналған түрлі форматтағы  40-қа жуық бағдарлама, сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде ақпарат айналымында бірінші кезекте тұрған журналистік туынды жаңалық 3 уақыт  таратылады. Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын, жеткен жетістіктері мен жеңістерін жұртшылыққа үнемі бірінші болып жеткізеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз