Республика күні қарсаңында Жетісу облысы Панфилов ауданының Талды ауылында саябақ ашылды. Демеушілер есебінен жасалған саябақтың аумағы 1 гектар.
Жалпы Талды ауылында 2200-ден астам адам тұрады. Жергілікті азаматтар туған жерін көркейтуге атсалысу мақсатында ауылға саябақ жасап берген. Мереке қарсаңында өткен саябақтың салтанатты ашылуына ауыл жұртшылығы қатысты. Олар ауылда көрнекті орындардың салынғанын қуана құптайды:
— Өзіміз де, бала-шағымыз да осы ауылда өсіп-өндік. Ауылдың жылдан жылға қалай көркейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Жаңа саябақта енді үлкендер жағы бір уақыт серуендейміз. Немерелеріміз ойын алаңдарында ойнаса, жастар үшін спорт алаңы пайдалы. Ауылға осындай демалыс орындардың салынғанына қуаныштымыз, — дейді Талды ауылының тұрғыны Гүлбарқын Сауранбаев.
Жалпы саябақтың ішінде спорттық алаңдар, балалар ойын алаңдары, субұрқақ, концерттік сахна орнатылған. Заманауи үлгідегі жарықтар орнатылып, орындықтар қойылған, 280 түп арша ағашы отырғызылған. Сондай-ақ, алаңдарда арнайы жабын төселетін болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.