Жетісуда 34 көп қабатты үйдің шатыры мен 10 үйдің қасбеті бюджет қаржысы есебінен жөнделуде

6

Жетісу облысында биыл Талдықорған, Текелі қалалары мен Көксу ауданында 34 көп қабатты үйдің шатыры мен 10 үйдің қасбеті жөнделеді. Оған жергілікті бюджеттен 702,5 млн. теңге бөлінді.

Мәселен, Талдықорған қаласының өзінде ғана биыл 28 үйдің шатырына жөндеу жұмыстары жасалуда, ал Текелі қаласында 5 үйдің, Көксу ауданында 1 үйдің шатыры жөнделіп бітті.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтің айтуынша, бүгінгі күні он үйде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қалған 18 көп қабатты үйдегі жөндеу ісі қараша айының аяғына дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, қаланың бірнеше шағын ауданында осы жылы 10 үйдің қасбеті жөнделді.

Талдықорған қаласы Назарбаев даңғылында орналасқан ескі үйлердің тұрғындары қабылданған шараларға оң пікір білдірді:

— Біздің үйлеріміз алпысыншы жылдары салынған, жалпы жағдайы жақсы болғанымен, шатыры тозып тұр еді. Әсіресе жаңбырлы күндері қиналатынбыз. Бұл үйлерде негізінен зейнет жасындағы азаматтар тұратындықтан, шатырды өзіміз жөндеуге жағдайымыз келмеді. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен бұл мәселе шешімін тапты. Қазір күн ашық, жылы болғандықтан жұмыс та белсенді жүріп жатыр. Әрине, тұрғындар риза, — дейді талдықорғандық тұрғын Татьяна Муфтахтинова.

Атап өтсек, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен Талдықорғанда облыс орталығын абаттандыру жұмыстары басталды:

— Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту – Мемлекет басшысы алдымызға қойған негізгі міндет. Осы ретте біз барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Жалпы соңғы 2 — 2,5 жыл ішінде ауылдық елді мекендерді дамыту мақсатында облыстың аудандары мен ауылдарында тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салуға көп көңіл бөлдік. Енді тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, балалардың қауіпсіздігіне толыққанды жағдай жасау үшін алдағы 2 жылда облыс орталығын абаттандырумен кешенді түрде айналысамыз. Шатыр, қасбет, аула, арық жүйесі, аула скверлері жөнделеді. Сөйтіп кезең-кезеңімен 2-3 жыл ішінде қаланың барлық ескі шағын аудандарын ретке келтіреміз. Осы мақсатта келесі жылдан бастап коммуналдық саланы дамытуға бағытталған қала бюджетін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз, — деді облыс әкімі Б.Исабаев Талдықорғанды аралау кезінде.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз