Жетісу облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жаңа спорт нысаны қолданысқа берілді. Заманауи спортзал Панфилов ауданы Көктал ауылында есігін айқара ашты. Нысанның ашылу салтанатына Бейжіңде және Парижде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Демеу Жадыраев пен Нұрбақыт Теңізбаев қатысты.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда, ауылдық елді мекендерде спорт объектілерінің қажеттілігін азайту бағытындағы жұмыстар шеңберінде өңірде «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен модульдік үлгідегі жылдам тұрғызылатын спорт кешендерін салу жобасы басталды. Осыған сәйкес Көктал ауылында ангар үлгісіндегі жаңа спорт залы салынды. Онда командалық спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Нысанның жалпы ауданы — 1300 шаршы метр.
Көктал – ауданның ең үлкен ауылдық елді мекені, мұнда 10 мыңнан астам адам, ал ауылдық округте 12 282 адам тұрады.
— Ауылымызда халық тығыз қоныстанғанына қарамастан, бізде бұған дейін спорт кешені болған жоқ. Балалар жаттығуға көрші ауылдарға баратын. Енді өзіміздің заманауи спорт залымыз бар. Бұл – бәріміз үшін де қуаныш, — деді жергілікті тұрғын Сайлау Солтанқұлов.
Мемлекет қолдауының арқасында жуырда Панфилов ауданының Үшарал ауылында жаңа спорт кешені ашылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.