Ұстаздар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған облыстық «Үздік балабақша» байқауына Жетісу өңірінің қалалары мен аудандарында үздік деп танылған мектепке дейінгі ұйымдар қатысқан еді. Бұл аталмыш байқау 2 кезеңде өтті. Бірінші кезеңде балабақшалар таныстыру мен жұмыс тынысы туралы бақ сынасса, екінші кезеңде тиімді әдістемелер мен озық технологияларды, тәжірибеде жеткен жетістіктерін ұсынды.
Облыс бойынша қатысқан 10 мектепке дейінгі тәрбие ошағынан ішінен сайыста Талдықорған қаласындағы №7 бөбекжай бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 1-орынды жеңіп алып, облыс әкімінің арнайы 1 млн теңге жүлдесін иеленді.
Балабақша меңгерушісі Гүлниса Тұлымшақова : «Ұжым бұл жетістігін Талдықорған қаласының 80 жылдық мерейтойына арнайды. Бұл осында қызмет жасайтын әріптестерімнің қол жеткізген табысы, бірлескен жұмыстары. Әрине, ұрпақ тәрбиесі – отбасынан бастау алады десек те, ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие ісі көбінесе балабақшадан басталып, тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбиеде беріледі. Балалардың мектепке дейінгі тәрбиесімен айналысатын тәрбиешілер еңбегі зор. Марапат осы ұжымның берекелі жұмысына берілген баға деп ойлаймын. Ал иеленген жүлделі қаражатқа балабақшада тәрбиеленіп отырған өзге ұлт өкілдері балаларына қазақ тілін меңгертуге ықпал ететін арнайы құралдарды алуды жоспарлап отырмыз».