Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Жетісу облысына келді. Штаб құрамындағы депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері «Айсұлу» тігін фабрикасының ұжымымен Қазақстанда АЭС салу бойынша өткізілетін алдағы референдумға қатысты мәселелерді талқылады. Электрмен жабдықтау мәселесі – барлық өңірге ортақ. Энергия жетіспеушілігі жаңа өндіріс орындарының салынуын тежейді. Бұл мәселені қолданыстағы ЖЭО-мен салыстырғанда басым тұстары әлдеқайда көп атом электр станциясы шеше алады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, климат өзгеріп жатқан жағдайда энергетикаға зиян келтірмей экологияға тигізетін зиянды азайту үшін тиімді шешім іздеу қажет. Ал атом электр станциялары көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтудың және көмірге тәуелділікті төмендетудің ең перспективалы тәсілдерінің бірі саналады. Көмір станцияларынан айырмашылығы, АЭС қоршаған ортаны түтін газымен, күлмен немесе құрамында мұнай өнімдері бар ағынды сулармен ластамайды.
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы мемлекет екенін, алайда әлі күнге дейін өз әлеуетін пайдаланбайтынын және атом энергиясы үлкен пайда әкелетін АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция сияқты дамыған елдерден кейін қалу қаупі бар екенін атап өтті. Ғалым АЭС сенімді, қауіпсіз әрі экологиялық тұрғыда таза энергия көзі екеніне сенімді.
Кездесу соңында тігін фабрикасының ұжымы алдағы референдумда АЭС құрылысын қолдауға ниет білдірді.
Аmanat партиясы