Талдықорған қалалық мәслихатының төрағасы Темірболат Ахажан Еркін ауылы, яғни, №17 сайлау округі сайлаушыларымен кездесті. Кездесу Еркін ауылындағы №26 орта мектептің акт залында өтті. Жиында ауыл әкімі Қанат Рыспеков осы жылы қолға алынып атқарылған жұмыстарды саралап шықты. Еркін ауылы мен «Көктал» тұрғын үй алабында балалар алаңы қолданысқа беріліп, бірқатар көшеге асфальт төселуде. Жалпы айтқанда үш жылда ауылда 37 көше жолдары қалпына келтіріледі. Тұрғындар өтініші де қараусыз қалмайды. Оңды шешімін табуда. Сөз алған тұрғындар тазалық, арық су мәселелеріне назар аудартты.
Жиынға қатысқан халықтық штабтың мүшелері де сөз алды. Халық арасында талқылауға ие болып жатқан атом электр стансасын салуға қатысты ойларымен бөлісті. Баршаға белгілі, 6 қазанда халықтық референдум өтеді.
Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын халыққа арнаған болатын. Маңызды құжатта ел дамуы жолындағы 9 басым бағытты атап көрсетті.
Қазір әлем бойынша энергия тапшылығы күшейіп барады. Сондықтан да, елімізге экологиялық таза қуат көздері қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз қажет. Қазір күні дамыған және дамушы мемлекеттерде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғандығы белгілі. Еліміздегі атом электр стансасын салу ісі көпшіліктің дауысымен шешілмек.
Халықтың штаб мүшелері Айтақын Бұлғақов, Кендебай Темірбайұлы ұлттық мүддені ойласақ, алға жүруіміз керектігіне тоқталды. Қазіргі таңда жаңадан құрылған облысымызда айтарлықтай жақсылықтар көп. Күні кеше ел игілігіне волейбол кешені қолданысқа берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік даму үстінде. Тұрғындардың жеке қолданысы өз алдына. Қанша әлеуметтік мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар жұмыс жасайды, алайда олардың бәрі күнделікті энергияға, қуат көздеріне тәуелді. Біз судан, желден, күннің көзінен, көмірден электр энергиясын алып отырмыз. Бірақ, бұл қорлар шексіз болмайды. Энергия көзі тапшылығын болдырмас үшін қазірден қамдануымыз керек. Сондықтан да, АЭС болашағымыз үшін қажет.
Жиында ауыл тұрғындары, ардагерлер алқасының мүшелері депутаттың ауылдың көркеюіне, дамуына атсалысып жатқандығына көңілдері толатындығын атап өтті. Мәдениет үйі, мектеп құрылысы қаржы тапшылығына байланысты кейінге шегеріліпті.
Жиынды қорытындылаған Темірболат Ахажан ел игілігі жолындағы жұмыстарды бірлесе атқара беретіндігіне тоқталды.