Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаевтың «Әділетті Қазақстан:заң мен тәртіп,экономикалық өсім,қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің даму үрдісіне қатысты маңызды мәселелерге тоқталып, Үкімет пен Парламентке нақты тапсырмалар берілді.
Оның ішінде жаңа Салық кодексін қабылдауға асықпай,Салық кодексінің жаңа жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізу қажеттігін айтты.
— Күрделі, бірақ қажетті шешімдерді табу керек. Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмейді. Сондықтан бұл заңды сапалы деңгейде дайындау үшін жаңа кодексті қабылдауды келесі жылға қалдыруға болады деп есептеймін», — деді Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемелерін енгізудің уақыты келді. Ол сондай-ақ салықтық әкімшілендірудегі жазалау тәсілінен бас тарту қажеттігін атап өтті.
— Мәжбүрлеп өндіріп алуды қолданбай хабарламалар жіберілетін салық берешегінің шегін арттыру мүмкін деп санаймын. Салық берешегінің шегінен асып кеткен жағдайда шектеулер тек қарыз көлеміне ғана енгізілуі керек, яғни бүкіл банк шотына тосқауыл қойылмайды. Салық берешегі үлкен болған жағдайда бөліп төлеу кепілсіз қамтамасыз етілу керек. Жоспарланғандай салықтық тексерулерді толығымен жоюға ұмтылуымыз керек. Ол үшін тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру қажет», — деп қосты Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, салықтық жеңілдіктердің тиімділігін арттыру маңызды міндет болып табылады. Қазақстанда барлық ұсынылатын жеңілдіктер бойынша салық есептілігін қамтамасыз ету қажет. Президент бизнестің дамуын шынымен ынталандыратын жеңілдіктер ғана сақталуы керек деп есептейді. Атап айтқанда, өндірістік аумақтарды дамытуға бағытталған инвесторларға преференциялар беруге болады.
Мемлекет басшысы қаржылық жағдайды көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі одан әрі қиындатып отырғанын атап өтті. Оны айтарлықтай азайту үшін жан-жақты ойластырылған шаралар кешенін қабылдау қажет.
«Атап айтқанда, шекаралық кеден бекеттеріндегі барлық жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау, сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістердің басқа юрисдикцияларға заңсыз түсуіне жол бермеу қажет», — деді Мемлекет басшысы.
Біздің саламыздың мамандары осы орайда еңбектерін табысты жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмасына үлестерін қосатын болады.
Сапар Шәйкенов, Жетісу облысы бойынша МКД басшысының орынбасары