Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Өз сөзінде Президент қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты, сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енгенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзге де көптеген шара қолға алынды. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететінін, әлі де атқаратын шаруа көп екендігін тілге тиек етті.
Медет Тұрыскелдиев, полковник, Жетісу облыстық қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің бастығы