Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шетелге саяхаттауды жоспарлап отырған жерлестерімізге маймыл шешегінен сақтанудың нұсқаулығын ұсынды.
– Маймыл шешегі денеге зақымдалған тері, шырышты қабаттар (ауыз қуысы, жұтқыншақ, көз, жыныс мүшелері) немесе тыныс алу жолдары арқылы енеді. Бұл вирус адамға ауру жануарлардың тістеп немесе тырнап алуы арқылы, сонымен қатар аң аулау, тамақ дайындау, терісімен жұмыс істеу немесе мұқият өңдеуден өтпеген жануарлардың етін жеген кезде жұғады. Сондай-ақ маймыл шешегі киім-кешек немесе төсек-орын сияқты ластанған заттардан, денсаулық сақтау мекемелерінде немесе тату салондары сияқты қоғамдық орындарда өткір құралдардан жарақат алу кезінде жұғуы мүмкін, — деді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Сондай-ақ ол маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі 6-дан 13 күнге дейін созылатынын және одан кейін қызба, бас ауруы, жалпы адам бойындағы әлсіздік пайда болып, бет, аяқ, алақандарда, ауыз қуысы мен жыныс аймағында бөртпе шығатынын атап өтті. Әсел Қалықованың айтуынша, маймыл шешегі әдетте өздігінен қайтады. Бірақ балаларға, жүкті әйелдерге және иммунитеті төмен адамдарға ауырдан жазылу оңай болмауы мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шетелге шығуды жоспарлаған жерлестерімізге маймыл шешегі жұқпас үшін бірқатар ережені ұстануға кеңес береді:
1. Басқа елге барар алдында осы аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты тексеріңіз. Бұл сізге қауіптен хабардар болуға және қажетті сақтық шараларын қабылдауға көмектеседі.
2. Тері бөртпелері немесе аурудың басқа белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынасты азайтуға тырысыңыз.
3. Егер сізде белгілер пайда болса, инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін басқа адамдармен байланыста болудан аулақ болыңыз.
4. Масканы қолданыңыз, теріңізге және бөртпелерге қол тигізбеңіз. Қолыңызды жүйелі түрде жуыңыз және жанасқан заттарды зарарсыздандырыңыз.
5. Егер үйге оралғаннан кейін 21 күн ішінде бөртпе безгегі, бас ауруы немесе лимфа түйіндерінің ісінуі сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз.
6. Медициналық мекемеге барған кезде дәрігерге тиісті тағайындауы үшін қайда болғаныңызды және кіммен байланыста болғаныңызды хабарлауды ұмытпаңыз.