Білім беру ұйымдарында оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 316 мектеп, 91 мемлекеттік балабақша және 21 колледж 100% бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру ұйымдарының бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына тіркелген. Облыс бойынша барлық білім беру ұйымдарында «Дабыл түймелері» орнатылып, жергілікті полиция басқармаларының кезекші бөліміне қосылды. Осы және өзге де жаңалықтар легімен баспасөз мәслихатында облыстық білім бөлімінің басшысы Марат Сүлейменов және Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алишер Башаров таныстырып өтті.
Марат Сүлейменов «Жетісу облысында барлығы 791 білім мекемелері бар. Өткен оқу жылын 128906 оқушы аяқтаған, ал жаңа 2024-2025 оқу жылында оқушылар контингенті 129 мыңнан асады, оның ішінде 13 мыңнан аса білім алушылар 1-сыныпқа келеді деп күтілуде. 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, күрделі жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады. Ал, ағымдағы жөндеу жұмыстары 11 нысанда толық аяқталды. 6 мектептің жөндеу жұмыстары 20 тамызда аяқталады. 2024-2025 оқу жылында пайдалануға ұсынылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесі бойынша баспалармен келісімшарт жасалып, бүгінгі күні тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. «Оқу материалдарына лезде қол жеткізуді, мектеп ғимаратына кіруді қамтамасыз ететін және тамақтану үшін төлем құралы болып табылатын оқушыларға арналған сәйкестендіру карточкалары жүйесін іске қосу» жүйесіне қосылуға 69 мектептің тізімі ұсынылды. Мектептерге аппараттық-бағдарламалық кешенді орнату жұмыстары басталды»-деді.
«Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметінің негізгі бағыттары: мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік бақылау, мониторингтер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, педагогтердің құқықтарын қорғау, білім беру ұйымдарына әртүрлі бағыттарда мониторинг жүргізу. 2023-2024 оқу жылында облыс бойынша 55 мектепте интернет желісінің жылдамдығы талапқа сәйкес емес болған. Оның ішінде 29 мектепте интернет желісінің жылдамдығы 20 Мбит/с-ден кем. Бүгінгі күні барлық 55 мектеп Starlink технологиясы бойынша интернетке қосылған. Интернет желісінің жылдамдығы 100 Мбит/с-ден 150 Мбит/с-ге дейін жетті. Жергілікті атқарушы органдарға департамент тарапынан мониторинг нәтижелері туралы уақтылы хабардар етіледі. Облыстағы білім беру саласына байланысты барлық мәселелер білім басқармасымен бірлесе отырып жүргізіледі»-деп атап өтті Алишер Башаров.