Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен кездесті. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
«Бүгін ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен @zakiyevadinara кездестік. Динара Болатқызы Мемлекет басшысының әйелдер құқығын қамтамасыз ету және балалар қауіпсіздігі туралы қабылданған заң нормаларының іске асуын бақылау мен талдау, сонымен бірге жергілікті балалар мекемелерінің жағдайын жақсарту бойынша тапсырмаларды орындау аясында жақында Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Динара Болатқызы Жетісу облысында бұл бағытта Психологиялық қолдау орталығы мен 3 отбасын қолдау орталықтарының ашылғандығы туралы баяндап берді. Сонымен бірге уәкілетті органдармен бірлесе отырып, Отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтардың тағы 6 ауданда ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті», — деп жазды Ерлан Қарин.
Сондай-ақ кездесу барысында ол балалар үйі, медициналық-әлеуметтік мекемелер, интернаттар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, инклюзия қолдау кабинеттері, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар, кешкі мектеп, емханалар сияқты балаларға арналған мекемелердің жұмысымен танысу кезінде анықталған мәселелерге тоқталып, оларды шешуге қатысты шараларды пысықтау бойынша бірге пікір алмасқанын хабарлады.