Гүлжанат Нұршанова, «Талдықорған» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы: Қаламыздағы №390 сайлау учаскесіне барып таңдауымды жасадым. Жалпы, журналист ретінде науқанның қалай өтіп жатқанына көз жеткізу үшін бірнеше сайлау учаскесін аралап, ондағы халықпен жүздесіп қайттым. Өзім болған сайлау учаскелерінің барлығында да таңдауын жасауға асыққан азаматтарды көрдім. Жасы 80-90-ды алқымдап қалған қариялар, түрлі саланың өкілдері, мүгедек жандар, тұңғыш рет дауыс беруге келген жастар т.б. азаматтар белсенділік танытуда. Бәрінің де көңіл-күйі жақсы. Сайлау учаскелерінде көңілге қонымды музыка толқыны толассыз берілуде. Сайлау учаскелерінің төрағалары, сайлау науқаны ұйымдастырылып жатқан мекемелердің басшылары аяқтарынан тік тұрып сайлаушыларға қызмет көрсетуде. Талдықорғандықтар мен қала қонақтары қоғамдық көліктерде тегін қызмет көрсетіліп жатқанына дән риза. Бақылаушылар қатары учаскелерге келген әр азаматтың іс-қимылын жіті бақылап отыр. 389 сайлау учаскесіне бірінші болып дауыс беруге келген Бақтыбала Оразбаева сыйлыққа ие болды. Сайлау учаскелерінің барлығында да мүгедектігі бар азаматтарға және сырқатына байланысты үйлерінде қалған азаматтарға жағдайлар да қарастырылған. Бүгін барша қазақстандықтар секілді дауыс беруге қатысқан талдықорғандықтар өз таңдауы арқылы ел болашағының өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына, әділетті Қазақстан құруға атсалысты деп ойлаймын. Үмітіміз ақталғай, ағайын!