Ғылым мен технологияларды кеңінен танымал ету жөніндегі кешенді жоспар қабылдау керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Жоғары білім беру саласына тоқталсақ, ұлттық жоғары оқу орындарымыз бен жетекші шетелдік университеттердің филиалдары бағыт беріп отыруға тиіс. Ғылым министрлігі жұмыс нәтижелері бойынша филиалдарға қойылатын талаптарды әзірлегені жөн. Сараптамалық кеңес құрып, барлық университеттерге қойылатын талаптарды олардың әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қарау қажет. Жоғары оқу орындары кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Студенттік, магистрлік жұмыстардың ел экономикасы үшін нақты нәтижесі болуы керек», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Ғылым және Оқу-ағарту министрліктеріне Ғылым мен технологияларды кеңінен танымал ету жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды тапсырды.
«Жатақханалардағы орын тапшылығы өзекті мәселе саналады. Сырттан келген бірде-бір студент баспанасыз қалмауға тиіс. Өңір әкімдері, Оқу-ағарту және Жоғары білім министрлері айтылған мәселелерді жеке бақылауға алсын. Барлық білім беру объектілері оқу жылының басталуына 100% дайын болуы тиіс», — деді Премьер-Министр.