Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті «Salyq кешбэк» пилоттық жобасын іске қоспақ, оның аясында түбіртектерді сканерлегені үшін азаматтарға сыйақы төлеу жоспарланып отыр. Барлық адам фискалды түбіртектердің маңыздылығын түсіне бермейді, алайда ол тауар сатып алынғанын немесе қызмет ақысы төленгенін дәлелдейді. Түбіртекті сақтау арқылы сатып алушы өз мүддесін қорғайды, ал оны лақтырып тастау немесе кассадан мүлде алмау қиындықтарға әкеп соқтырады.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (ҚМ МКК) мәліметінше, 15 тамыздан бастап елімізде «Salyq кэшбек» пилоттық жобасы жұмыс істей бастайды, оның аясында азаматтар түбіртекті сканерлеу арқылы сыйақы ала алады. Ол үшін азамат шағын және микро бизнесте транзакция жасағанда фискалды түбіртек алып, оны арнайы қызмет арқылы сканерлеуі керек. Сол үшін мобильді қосымшадағы жеке кабинетіне сатып алған тауардың 2 пайыз көлеміндей кэшбэк алады. Қазір тек Семей қаласы мен Ақмола облысының Ақкөл ауданының тұрғындары ғана сыйақы алу мүмкіндігіне ие. Түбіртектерді сканерлеуге арналған бірінші қолданба – Amian, екіншісі –Wipon Cashback. Олардың екеуін де смартфондардағы қолданбалар арқылы жүктеп алуға болады. «Salyq кэшбек» жобасы пилоттық режимде 2024 жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Егер сәтті болса, оның ауқымы кеңейіп, Қазақстанның басқа өңірлерінің тұрғындары сатып алған заттары үшін кэшбэк алуы әбден мүмкін.