Бүгін Жетісу облысы Қаратал ауданының төрт ауылына табиғи газ қосылды. Атап айтқанда, Бастөбе, Достық, Қанабек, Жаңаталап ауылдарына жалпы ұзындығы 96 шақырым құбыр тартылып, 6400 тұрғын көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы күні Бастөбе ауылында алғашқылардың бірі болып тұрғын үйіне газ қостырған тұрғынның бірі Майра Еришова мүгедектігі бар балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері:
— Мамандар айналасы 1 аптаның ішінде үйімізге газ тарып берді. Қазір, міне көгілдір отын газ плитада лаулап жанып тұр. Енді қыстай үйіміз жылы болады деп бүкіл үй ішімізбен қуанып отырмыз, — дейді ол.
Достық ауылының тұрғыны, зейнеткер Зина Мусина:
— Осы ауылда тұрып келе жатқанымызға елу жыл болды. Қыста күніне екі рет – таңертең, кешке көмір жағып әуреленетінбіз. Былтыр газ келеді дегенді естігеннен қостыруға қажетті құрылғыларды сатып алып, ерте бастан қамдандық. Сөйтіп бүгін газға бірінші болып қосылдық, — деді.
Осы уақытқа дейін облыста 33 елді мекен газдандырылып, 327 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген болатын. Ал биылғы жылдың соңына дейін Көксу, Қаратал, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласында тағы 30 елді мекен газға қосылады, 433 км газ тарату желілері салынады деп жоспарланған. Сол қатарда бүгін Қаратал ауданындағы төрт ауылға газ қосылды.
Мемлекет басшысының Жетісу облысына келген сапарында берген тапсырмасы аясында, жергілікті сызбаға сәйкес 2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейін, соның ішінде Панфилов ауданын қоса алғанда, барлығы 126 елді мекен газдандырылып, жалпы 506 мың адам көгілдір отынның игілігін көретін болады. Сөйтіп 2025 жылдың соңында облыста газдандыру деңгейі 72%-ға жетеді деп межеленіп отыр.
Ал жобаның екінші кезеңінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын газдандыруға қажетті «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының ЖСҚ-сы әзірленді. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың екінші жартысында басталады деп күтілуде. Бұл кезеңде аталған үш аудандағы 66 елді мекенге газ құбыры тартылады. Сөйтіп 2028 жылдың соңына қарай облыста газдандыруға жататын 124 мыңға жуық тұрғыны бар 192 елді мекен толық газдандырылады деп межеленіп отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.